«Елдегі эпидахуал тұрақталды»

97

Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында белгілі болды. Сөздерінше соңғы аптада індет көрсеткіші біршама азайған. Ал, қауіпті вирустан өлім деңгейі 8 пайызға кеміген. Осыған қарамастан елімізде «қызыл» аймақтар қатары қайта көбейді дейді денсаулық сақтау министрі.

Қазақстанда «қызыл» аймақтар қатары 10-ға жетті. Күні кеше 8 болып тұрған шектік белдеулер санатына Қызылорда мен Павлодар облысы қосылған. Ал, Шымкент әлі де орташа қалыпты ұстап тұр. Еске салайық, кеше үшінші мегаполис «сары» аймаққа енген еді. Жалпы Қазақстан бойынша олардың қатары 5. Ал, Түркістан мен Солтүстік Қазақстан «жасыл» аймақта.

Асқар МАМИН, ҚР Премьер-министрі: «Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталды. Вирустың репродуктивті индексі 1-ге төмендеді. Ауруханалардағы орындар 41 пайызға, бөлімдегі орындар жүктелуі 28 пайызға дейін азайды».

Алексей ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Әр апта сайын вирус жұқтыру көрсеткіші төмендеп келеді. Ал, одан өлім дерегі 8 пайызға азайған. Бұл өткен аптамен салыстырғандағы көрсеткіш. Осылайша жағдай тұрақталып келеді. Осыған қарамастан аймақтарда шектеу шаралары күшейтілуде. Әрине, облыстардың өз көрсеткішіне байланысты».

Елімізде коронавируспен күрестің тағы бір жолы іске қосылған болатын. Ол «Ашық» бағдарламасы. Кешеден бастап қолданысқа енген жоба бүгіннің өзінде пайдасын тигізіп үлгеріпті. Оның арқасында вирус жұқтырған 809 науқас анықталды дейді Премьер-министр орынбасары.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: «Ашық» жобасы оң нәтиже көрсетуде. Бағдарлама арқылы қоғамдық орындарға кірмек болған 809 ауру жұқтырған және 340 байланыста болған адамдар анықталды. Сондықтан әкімдер кәсіпкерлік субъектілеріне ашық жобасын енгізу бойынша жұмысты жеке қадағалауда ұстау керек. Шұғыл түрде осы жұмысты ұйымдастыру қажет».

Айта кетейік, Қазақстан вирус жұқтырғандар көрсеткіші бойынша 221 елдің ішінде 108 орында тұр. Вакцина қабылдау қарқыны жағынан 77 мемлекеттің ішінен 52 орынға тұрақтады. Екпе препаратын өндіру бойынша 10 елдің қатарына енген дейді Үкімет мүшелері.

Назерке Үкібасова