«Қызыл аймақтар» қатары көбейді

133

«Шымкентте қатерлі індет өршіп тұр». Бұл туралы еліміздің бас дәрігері дабыл қағып отыр. Жалпы Қазақстан бойынша вирус үш мегаполис пен Алматы облысында ушығып барады.

Бүгінде республика бойынша кви жұқтырғандар саны 258 917-ге жеткен. Ал, «қызыл аймаққа» қосылғандар қатары 8 болды. Айта кетейік, мемлекет бойынша «сары аймақта» тек Шымкент қаласы тұр. Өзге облыстардың барлығы жасыл белдеуде.

Алексей ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Жалпы сырқаттанушылықтың 63%-ы Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының және Алматы облысының тұрғындарына тиесілі, онда Алматы қаласында жағдайлардың тіркелуі ақпан айында тәулігіне 100 жағдайдан сәуір айында тәулігіне 600 жағдайға дейін артты. Нұр-Сұлтан қаласында жағдайлардың саны ақпан айында тәулігіне 100 жағдайдан сәуір айында тәулігіне 500 жағдайға дейін өсті. Алматы облысында ақпан айында көрсеткіш 70 жағдайдан сәуір айында тәулігіне 270 жағдайға дейін ұлғайды».

Осылай деген денсаулық сақтау министрі бүгінде вакцина салдырғандар саны 217 мыңға жеткенін айтады. Бұл еліміздің 11 пайызы құрайды. Енді жауаптылар жарты жыл ішінде көрсеткішті тағы 64 пайызға көбейтуді көздеп отыр. Ол үшін осы аралықта Қазақстанға 6 млн. доза жеткізілмек.

Алексей ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Бүгінгі күні бірінші компонентпен 217 070, екінші компонентпен – 79 541 азамат егілді. Республика бойынша 1000 тұрғынға шаққанда көрсеткіш – 11,5 құрады. Оның ішінде медицина қызметкерлері – 40%, педагогтар – 17%, күш құрылымдары қызметкерлері – 7,7%, ЖӨБ персоналы мен контингенті – 0,5%, басқалары – 34%. Вакцинацияланғандардың 0,8%-ында катаралды синдром, дене температурасының жоғарылауы, жергілікті реакция түрінде вакцинацияға күтілетін реакция байқалды».

Назерке Үкібасова