Шымкентте имамдар вакцина салдырды

130

Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Абдрахманов коронавирусқа қарсы вакцина алды. Бас имаммен бірге қаламызда орналасқан мешіт имамдары да емханаға келді.

Айта, кетейік, бұған дейін дін өкілдері ауыз берік кезде вакцина салдыру оразаны бұзбайтынын айтқан еді. Себебі, екпе күш-қуат беретін дәрі-дәрмекке жатпайды. Көпке насихат етуді мақсат еткен имамдар осылайша оразаның алғашқы күні өздері вакцина қабылдады.

Бақдаулет АБДРАХМАНОВ, Шымкент қаласының бас имамы: «Қасиетті Рамазан айының бірінші күні мен денсаулығым үшін, халықтың алдағы уақытта жағдайы жақсаруы үшін, ертерек мешіттеріміз ашылуы үшін салдырдым. Бүкіл халық болып вакцинаны салдыратын болсақ жұмыс орындары, мешіттер ашылып құлшылық ғибадаттарымызды жасаймыз».

Қазір үшінші мегаполисте 38 мемлекеттік және жеке меншік емханаларда вакцина алуға болады. Кеше ғана Шымкентке вакцинаның 30 мың дозасы әкелінген. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін екпе салу пунктері таңғы сағат 8-ден, кешкі 22:00-ге дейін жұмыс жасауда.

Бақытжан ПОЗИЛОВ, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Өздерің қазір ғана көрдіңіздер, Шымкент қаласының бас имамы салдырды,  бұл кісінің аузы берік. Бірнеше минут бұрын «Спутник ви» деп аталатын вакцинаны салдырды. Құдай қаласа, 21 күннен кейін екінші вакцинаны салдырады. Бұл кісімен қоса мешіттердің бірнеше имамдары келіп отыр».

Олжас Айдарбек