Түркістанда «Жасыл белдеу» аумағы екі есеге ұлғайды

232

Түркістан қаласының айналасын көгалдандыру мақсатында қолға алынған «Жасыл белдеу» жобасы қарқынды жүзеге асырылуда.

Бұл туралы аймақ басшысының төрағалымен өткен апталық аппарат отырысында айтылды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуалиевтың мәліметінше, «Жасыл белдеудің» аумағы 2 есе ұлғайып, 13 500 гектарға жетіпті. Жыл соңына дейін оның көлемін 20 000 гектарға жеткізу жоспарлануда.
Қайрат ӘБДУАЛИЕВ, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: «Қазір 5800 гектар жерге сексеуіл ағашы егілді. Оның ішінде 3300 га жерге көшетпен және 2500 га ұрықпен себілді. Қаржы бөлдіңіз, техникамен қамтыдыңыз. Біз қазір 40 млн. көшетті шығаруға қауқарлымыз. Биыл күзде өзіміз егеміз».

Басқарма басшысы халықаралық аэропорт жолының бойындағы 252 га жер телімі толықтай тамшылатып суару жүйесіне қосылғанын жеткізді. Ал отырғызылған ағаш көшеттерін желден қорғау үшін оларды жіппен тартып байлау жұмыстары жүргізілуде. Қалған учаскелердегі ағаш көшеттерін ұңғымалар мен канал, насостар арқылы сумен қамтамасыз етіп, суару жүйесімен қамту жұмыстары жалғасуда.

Шынар Оразова