Биыл екінші жыл қатарынан шетелдегі қандастарымыз үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу онлайн форматта жүзеге аспақ. Карантиндік жағдайға байланысты Қазақстанға келіп ҰБТ тапсыра алмайтын талапкерлерге 10-15 маусым аралығында онлайн тестілеу өткізіледі деп жоспарлануда.
Ұлттық тестілеу орталығындағылар ел бойынша — 1450 қандас оқушы тестілеуге өтініш бергенін айтады. Оның 694-і Шымкенттегі тестілеу орталықтарына өтініш қалдырған. Қазіргі таңда бұл тізім жалғасуда.
Наужан ДИДАРБЕКОВА, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары: «Бұл ретте ҰБТ-ны тапсыруға бір ғана мүмкіндік беріледі. Ол үшін тестілеуге өтініш беру кезінде өзінің елін көрсетеді. Қазақстанда тапсыруға тіркеліп қойған тапсырылушылар жеке кабинетіне кіріп, өзінің тапсыратын елін көрсете алады. Тестілеу тапсыру үшін интернет желісіне қосылған компьютері болуы қажет. ҚР аймағында жүрген тестіленушілер өзі таңдаған аймағында белгіленген уақытта тесттен өтеді. Бұл ретте өз қалауы бойынша ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігі сақталады. Қазіргі таңда бағдарламалық жасақтама бойынша тестіленушілердің қай жақта тестілеу тапсыратыны туралы нақтылау жұмыстары жүргізілуде».
Қандастарымыз арасында тестілеуде ең көп таңдалатын пәндер: математика-физика және химия-биология бағыттары екен. Айта кетейік, былтыр 1815 этникалық қазақ ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынаған. Оның 551-і алғаш рет өз елінде онлайн тестілеуден өтті. Ал Шымкент бойынша өткен жылы өтініш берген 392 қандасымыздың 359-ы онлайн сынақ тапсырды.