Шымкентте биыл өлім көрсеткіші 15 пайызға көбейген. Бұл туралы қаламыздың статистика мамандары мәлімдеп отыр.
Сөздерінше, сұрықсыз санақтың артуына қатерлі індет себеп болған. Ал үшінші мегаполиске көшіп келетіндер де артып келеді. Сала өкілдерінің мәліметінше шаһарға көбіне Өзбекстан Республикасы мен Түркістан облысынан қоныс аударатындар көп.
Шымкент қаласына қоныс аударатындар қатары жыл санап артып келеді. Үшінші мегаполиске әсіресе Өзбекстан Республикасымен, Түркістан облысынан көшіп келетіндер көп екен. Солардың бірі — Сапарбек Тағаев. Ташкент қаласының тумасы мектеп аяқтаған соң Қазақстанға оқуға түскен. Кейін отбасымен қоныс аударыпты.
Сапарбек ТАҒАЕВ, қандас: «Қазақстан, қазақтардың ортасында тарихи отанымыз болғаннан кейін осында тұру бізге ыңғайлы болды. Ташкент қаласының біраз тұрғындары қазақтарды құрайды. Олар да тарихи отанына оралғысы келеді. Туысқандарым да осында келгісі келіп жүр. Ойлары бар. Жартысы келді. Жартысы алдағы уақытта келеді.»
Осылайша Шымкент Қазақстан бойынша туу көрсеткішімен ғана емес, коныс аударушылар қатарымен де алға шықты. Өкінішке орай биыл қалада өлім деңгейі де көтерілген. Өткен жылмен салыстырғанда биыл қайтыс болғандар қатары 15 пайызға артқан. Мұның себебін мамандар қатерлі індетпен байланыстырып отыр. Сонымен қатар жүрек ауруынан келетін өлім-жітім де биыл артыпты. л қайтыс болғандардың басым көпшілігі 65 жастан асқандар екен.
Меруерт ЖАҢАБАЕВА, Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары: «Былтырғы жылмен салыстыратын болсақ, жыл басынан бері 1322 адам өлген. Былтыр осы кезең аралығында 1141 адам өлген екен. Көрсеткіш көбейіп отыр. Бізде туу көрсеткіші республикалық деңгейде үштіктің қатарына кіреміз. Жыл басынан бері 7602 адам туылған. Былтырғы жылы осы кезеңде 6740 адам туылған болса, яғни көрсеткіш 12,7 пайызға өсіп отыр».
Жалпы Қазақстан бойынша ел азаматтығынан бас тартып, шет елге кетушілер қатары артып келеді. Әсіресе, солтүстік аумақтар мен орталықтан қоныс аударып жатқандар көп. Ал, Шымкент қаласы бойынша шет елге көшіп жатқан этнос өкілдерінің көшін орыс ұлтының өкілдері бастап тұр.
Назерке Үкібасова