Түлкібас ауданы қарқынды дамып келеді

193

Түркістан облысындағы Түлкібас ауданы күннен-күнге дамып келеді. Мұнда көпқабатты үйлер, аурухана мен басқа да әлеуметтік нысандар салынуда. Састөбе елдімекенінде аз қамтылған отбасыларға жаз айының соңында көпқабатты үйлер беріледі деп жоспарланып отыр.

Түлкібас ауданындағы бұл үйлер барлық талаптарға сәйкес салынып жатыр және мұнда әрбір ұсақ-түйекке дейін мән берілген деп сендірді салаға жауаптылар. Тұрғын үй бөлімінің басшысы әр бөлмелерді өзі жеке қарап, кемшіліктің бар-жоғына тағы бір мәрте көз жеткізіп отырамын дейді.

Көп қабатты үйде 1 бөлмелі, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер бар. Мұнда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға барлығы 64 пәтер берілмек. Қазір жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Коммуналдық мәселелер бойынша ешқандай ақаулық табылмайды дейді жауаптылар.

Тимур ТҰРСЫНҚҰЛҰЛЫ,  Түлкібас аудандық құрылыс-сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы: «Кәріз және су жүйесі, газ жүйесі бойынша қаржы мамыр айында бөлінді ұлттық қордан. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу процедурасы жүргізілуде. Жоспар бойынша сол процедура біткеннен кейін тамыз айына дейін қысқа уақыт ішінде жүргізіп бітіру, сол жүйеге осы үйді қосып үйді қолданысқа тапсыру».

Ал мына үйлер осыдан 3 жыл бұрын Састөбе ауылында мемлекеттік бағдарлама аясында салынған. Баспаналы болдық деп қуанған жұртшылық қуанышымыз көпке созылмады деп отыр. Айтуларынша, ғимараттың сапасы сыр бере бастапты. Қабырғадағы кафельдер түсіп, едендегі линолеумдар ажыра бастаған. Әжетханадан жағымсыз иіс те шығады екен. Соңғы кездері 3 және 4 қабатқа мүлдем су келмейді екен. Бұл мәселеден биліктегілер хабардар деген жұрт жауаптылар құрғақ уәдеден ары аса алмай келеді дейді.

Ләззат ӘБДІРАСИМОВА, Түлкібас ауданы Састөбе ауылының тұрғыны:» Міне су жоқ қазір,. Бала-шаға сабаққа бару керек, жуынатын су жоқ. Суды сол кеше аз жүріп жатқан кезде алып алғанбыз, басқа жоқ».

Ал шенеуніктер ауыз судың мардымсыз берілуіне кәріз жүйесі құбырларының тозуы себеп дейді. Айтуларынша, құбырлар көптен бері жөндеу жұмыстарынан өтпеген. Ақ жағалылар алдағы уақытта жаңа жоба жасап, тұрғындардың өтініш-тілектерін орындаймыз деп сендірді. Ал оған дейін халыққа күте тұруға тура келеді.

Алмас Бейсеев, Түлкібас аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:  «Састөбе ауыл округінде канализацияның жүйелері бар да, ескі қалып кеткен. Баяғы Совет өкімітіндегі ия. Соған қазір жаңа проектінің бәрін әзірлеп, КОС-қа қосу мәселесін қазір біз жаңа проект жасап жатырмыз. Сол кезде ауылды бүкіл сумен канализацияның мәселесін толығымен келесі жылы мердігер анықталғаннан кейін шешілу Құдай қаласа жоспарлануда деп есептеудеміз».