Úı ANONS Түркістанның туристік әлеуеті талқыланды

Түркістанның туристік әлеуеті талқыланды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Ол, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экотуризмді дамыту мәселелеріне арналған көшпелі кеңес өткізді. Жиынға 50-ден астам отандық және шетелдік инвестор қатысып, өңірдегі туризм саласын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар талқыланды. 

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, табиғи аумақтарды сақтай отырып, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және инвестиция тарту  бойынша жауаптыларға тапсырма жүктеген болатын. Соның аясында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ұлттық парктердің туристік әлеуетін тиімді пайдалану, халықаралық деңгейдегі экотуризм нысандарын қалыптастыру және тұрақты туризм қағидаттарын енгізу бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Ал жалпы бұл өңірде бұл бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Одан бөлек, жергілікті экономиканың дамуына серпін береді деді облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев.

 

Жиында «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің аумағында жүзеге асырылатын бірқатар инвестициялық жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Біркөлік шатқалында демалыс аймағын салу, Қасқасу шатқалында туристік-рекреациялық кешен құру және Сайрамсу шатқалында туристік инфрақұрылым қалыптастыру жоспарлары ұсынылды. Сондай-ақ Төлеби мен Түлкібас аудандарында халықаралық стандарттарға сай туристік апарт-кешендер салу көзделіп отыр. Ал KASKASU халықаралық тау шаңғысы кластері жобасы Түркістан өңірін Орталық Азиядағы жетекші тау туризмі орталықтарының біріне айналдыруды мақсат етеді. Жалпы инвестициялық көлемі 172 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында қонақүйлер, туристік ауылдар, демалыс және ойын-сауық нысандары, заманауи аспалы жолдар салу жоспарланған.

 

Кеңес қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев экотуризм табиғатты қорғау мен экономикалық дамуды ұштастыратын маңызды бағыт екенін атап өтті. Ол барлық жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы қажет екенін айтып, инвесторлардың жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, бірқатар жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Жұмыс сапары аясында Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге тікұшақпен «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің аумағын әуеден шолып, табиғи және туристік әлеуетімен танысты. Нәтижесінде жауапты мемлекеттік органдар мен инвесторларға экотуризмді дамыту жобаларын жедел іске асыру және өңірдің туристік тартымдылығын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Нұргүл Жолымбетова