Келес ауданына қарасты Шұқырсай елді мекенінің шаруалары ашық алқапқа жыл басынан бергі екінші өнімін егу жұмыстарын бастап кетті. Ауыл еңбеккерлері тәтті бұрышы, баклажан, жүгері секілді көкөніс дақылдарын отырғызып, жердің өнімділігін арттыруға күш салуда. Шұқырсай ауылының биі Яндашбай Әбдіқадіровтың айтуынша, ерте көктемде ауыл шаруалары өндірген өнімдерін сыртқы нарыққа шығарып, тәулігіне 200-250 тоннаға дейін көкөніс экспорттайды екен.
Ауыл тұрғындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысатындықтан, мұнда жерді тиімді пайдалану мен жылына екі-үш өнім алу тәжірибесі кеңінен қалыптасқан.
Абай ауылының тұрғыны, шаруа Хайрулла Қадіров биыл 2 гектар жерге картоп егіп, алғашқы өнімін жинап, нарыққа өткізген. Қазіргі таңда ол екінші өнім ретінде тәтті бұрышы мен баклажан көшеттерін отырғызып үлгерді. Шаруа әр гектардан 25-30 тонна көлемінде өнім жинауды жоспарлап отыр. Жалпы Келес ауданында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму үстінде. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында аудан бойынша өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 12 млрд 869,6 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 млрд 704,3 млн теңгеге артты.
2026 жылы өсімдік шаруашылығын дамыту мақсатында 24 мың 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 мың 875 гектарға артық. Оның ішінде 7 мың гектардан астам жерге дәнді және бұршақты дақылдар, 250 гектарға мақта, 1 мың 920 гектарға картоп, 9 мың 560 гектарға көкөніс, 2 мың 490 гектарға бақша дақылдары егіледі. Сонымен қатар жылыжайлардың егіс көлемі 112 гектарды құрайды.
Егін шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Келес ауданында жалпы ұзындығы 677 шақырымды құрайтын 151 канал мен 393,6 шақырым болатын 144 қашыртқы бар. Биыл суару маусымын сапалы өткізу мақсатында ұзындығы 218,5 шақырым болатын 68 су нысанын механикалық тазалау жоспарланып, бүгінде оның 163 шақырымы тазартылды.







