Дизель тапшылығы, қоғамдық көлік: Шымкент әкімі есебінде тағы не айтты?

88

Шымкентте биыл қоғамдық көлік санын 590 заманауи газбен жүретін автобуспен толықтыру жоспарланған. Қазір оның 300-і жүйеде екен. Атқарылған жұмыстары туралы есеп беру кезінде осылай деп мәлімдеген қала басшысы 290 автобус қоғамдық көлікке газ құятын станса құрылысы толық аяқталғанда ғана қолданысқа беріледі деп отыр. Яғни, 290 қоғамдық көлік жылдың аяғына дейін жолаушы тасымалдауға кіріседі деп күтілуде.

Сонымен қоса, Мұрат Әйтенов қала тұрғындары қоғамдық көлік ақысын электронды жолмен төлеуге жылдам бой үйреткенін айтты.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Қоғамдық көлік ыңғайлы болуы үшін былтыр қазанда электрондық төлем енгіздік. Соның арқасында қазір 80 пайызы электронды төлем арқылы қатынап жүр. 300 мыңнан астам тұрғын төлем картасын пайдаланып отыр. Оған қосымша арнайы бағдарлама енгіздік. Қай көлік қай жерде жүргенін көрсетіп отырады. Ол үшін телефонға тиісті қосымшаны жүктесе болды. Сол арқылы тұрғындар автобустың нақты уақытын көріп, жоспарын тиімді құра алады. Қазір қосымша ыңғайлы болу үшін аялдамалардың атын тұрғындардың дауыс беруі арқылы анықтап жатырмыз. Техникалық мәселелері шешілгеннен кейін оны да енгіземіз».

Шымкент әкімі қаладағы қоғамдық көліктің 80 пайызын жаңа, заманауи, үлкен автобустармен алмастырылу жоспарланған деп отыр. Сондай-ақ, шаһар дүкендерінде азық-түлік бағамын реттеу мақсатында 10 «әлеуметтік бұрыш» ашылады екен. Әкімнің сөзінше, қалада нарықтық экономикадағы бағаны бақылауда ұстау үшін тұрақтандыру қорына 4,7 млрд теңге бөлінген.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:  » Біз нарықтық экономикадағы бағаны бақылауда ұстау үшін тұрақтандыру қорына 4,7 млрд теңге бөлдік. Сол ақшаға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік алып, тиісті әлеуметтік дүкендерге қолжетімді бағамен ұсынып отырмыз. Біздегі «ГраМад», «Магнум», «Фиркан» сияқты ірі желілік дүкендердің бәрінде әлеуметтік азық-түлік бұрыштары бар. Сол жерден алуға болады».

Айта кетейік, шаһардағы экологиялық ахуал да әкім есебінде назардан тыс қалмады. Бұл проблеманы шешу үшін 2025 жылға дейін қалада 6 млн түп ағаш отырғызылады екен. Және қаладағы дизель отынының тапшылығы апта соңына дейін тұрақталады деп уәде берді шаһар әкімі. Бұған дейінгі жетіспеушілік мұнай өңдеу зауытының 1 айға жөндеу жұмысына жабылуы салдарынан орын алған. Себебі зауыт 3 жыл дамылсыз қолданыста болған көрінеді.