Шымкент: Жер телімі мен баспананы заңдастыру өзекті

223

Шымкент құрамына 2014 жылы енген елді-мекендерде жер телімдерін, жылжымайтын мүлігін заңдастыру мәселелері өзекті күйінде қалып отыр. Шаһардың көркіне нұқсан келтірген көпқабатты үйлердің қасбеті қашан жөнделеді? Демалыс орындарындағы құрылыс жұмыстарының сапасы жайлы қала әкімінің орыбасары Мәулен Айманбетов пен сала басқарма басшылары жауап берді.

«Шымкент қаласында осы күнге дейін жер телімін, жалғыз баспанасын заңдастыра алмай жүрген жерлестеріміз жетеді. Алайда біз де қол қусырып отырған жоқпыз, құзыретімізге кіретін жұмыстарды жалғастырудамыз», – дейді әкімдіктегілер.

Мәулен Айманбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Жер мәселесімен әр аптада жиналыс өтеді. Бір мың үй осындай комиссия, прокуратура бәрі қосылып зерттеп анықтап, оның 260-165-не комиссия қаулы шығарды. Ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жерлердің түбін анықтап жатырмыз».

Қаланың бас жоспары 2012 жылы бекітілген. Ал екі жылдан кейін Төлеби, Ордабасы, Сайрам аудандарынан өткен 42 елді-мекеннің жері есебінен шаһар аумағы 117 мың гектарға ұлғайды.

Нұрлан Архабаев, Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы: «3 ауданнан 77 мың гектар, 2014 жылы өткен берілген жерлердің құжаттары 4 мыңнан астам, 8 соттық жерді құрайды. Ауыл шрауашылығы мақсатында берілген жерлерге құрылыс, коммерциялық нысандар, заводтан бастап тойхана, жанар жағармай құю бекеттері кіріп кеткен. Соларды реттеп анықтаудамыз».

Қала күннен күнге шырайланып, құрылыс қарқын алған. Білім саласында 11 нысанның құрылысы жүргізіліп, 4-уі ағымдағы жылы пайдалануға тапсырылмақ. Бұдан бөлек, бюджет қаражатына «Металлург» стадионы жаңарып, Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебі жөндеуден өтеді.

Бадам өзенін абатандыруға да қомақты қаржы 4,6 млрд. теңге бөлініпті. Сонымен қатар, биыл құрылысы жүріп жатқан 79 үйдің 18-і арендалық, қалғаны кредиттік. Әкімдіктегілер бұрынғы қателіктерді ескеріп, жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін арнайы материалмен қаптауды қолға алыпты.

Шынар Оразова