Úı ANONS 11 жыл күткен бақыт: Тағы 30 отбасы үйлі болды

11 жыл күткен бақыт: Тағы 30 отбасы үйлі болды

Кезекте тұрған тағы 30 отбасы баспаналы болды. Мемлекеттік бағдарлама аясында берілген бұл үйлер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған. Қоныс тойын тойлап жатқан жандардың қуанышы келесі материалда.

Тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 30 отбасы баспаналы болды. Қала әкімінің қолынан кілт алып, қуанғандардың бірі — Рита Алашитова. Ол бұл күнді 11 жыл күткен. Бес баланың анасы сүйінші хабарға ризашылығын білдірді.

РИТА АЛАШИТОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мереке қарсаңында осылай үй беріп сыйлап жатқандарына. Барша қазақстандықтарға үйі жоқтарға жұғысты болсын. 11жыл кезекте тұрдым. 5 балам бар. Асар 2- ден алдым үй. 3 бөлмелі. Ризамын».

Бұл баспаналар тұрғындарға сатып алу құқығымен беріледі. Тұрғын үй басқармасының мәліметінше, мүгедектігі бар жандар мен арнайы санаттағы азаматтарға үйді өтеусіз алуға мүмкіндік қарастырылған. Ал өзге тұрғындар пәтер құнын пайызсыз бөліп төлей алады.

КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.: «Олар 1,2 топ мүгедектігі бар, Арал өңірінде тұрған, Семей ядролық зардап шеккендер. Құқық қорғау органдарында 20 жылдан астам өтілі бар жандарға. Ал қалған жандардың бәрі пәтердің қалдық құны бойынша сатып алады. Бастапқы 10 пайыз жарнасын төлеп, қалғанын 10-15 жылға бөліп төлеуге құқығы бар».

Айта кетейік, қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 92 мың адам тұр. Бүгінге дейін 500 отбасыға баспана берілген. Ал жыл соңына дейін тағы 1529 тұрғын үйдің кілтін табыстау жоспарланып отыр.

Ботакөз Әнуар