Úı ANONS Баспана тауқыметі: Ерекше отбасылардың мұңы

Баспана тауқыметі: Ерекше отбасылардың мұңы

«Мама Про» қоры құрғақ есеп беруден гөрі, бетпе-бет жүздесіп, ашық сөйлесуді жөн санады. Шымкентте өткен сарапшылар кездесуінде мүгедектігі бар бала өсіріп отырған аналар мен бейінді қор өкілдері баспанаға қол жеткізудегі кедергілерді ортаға салды. Тұрғын үй, Әлеуметтік қорғау басқармалары мен «Отбасы банкінің» басшылары қатысқан жиынның нәтижесі қандай? Шымкенттегі бұл жүздесу тұрғын үй мәселесін шешуде неліктен елге үлгі бола алады?

 

Табыстың аздығы, жылдап жалдамалы пәтерде тұру және бюрократиялық кедергілер. Шымкентте өткен ауқымды жиында ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар, қоғам белсенділері, құқық қорғаушылар мен жауапты мекеме басшылары бір үстел басына жиналды. Мақсат — ерекше баласы бар отбасылардың баспана алу жолындағы қиындықтарын ашық талқылау. Бұл диалог ата-аналарды жылдарға созылған баспанасыздық тауқыметінен құтқарудың нақты жолын табу үшін ұйымдастырылды. Көмек қолы созылғанға дейін аналардың қандай  қиындықтармен бетпе-бет келетінін қатысушылардың өздері айтты.

 

ӘСЕЛ ҮСЕНБАЕВА, «ОСОБЫЙ МИР АУТИЗМА» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Ақпарат өте аз жетеді. Өйткені біздің аналарымыздың қолы мүлдем босамайды, тәулігіне 24 сағат баланың күтімімен отырады. Әр мекемеге бір жүгіріп, кезекке тұруға, талон алуға уақыттары да жоқ, баланы қалдыратын адам да табылмайды».

 

Осы бір жүйелі проблеманы шешу үшін Астана мен Шымкент қалаларында «Mama Pro Home» жобасы іске қосылды. Бір жыл ішінде ұйымдастырушылар әлеуметтік көмек көрсетудің үйреншікті әдісін өзгертіп, аналарға тек кезек күтіп отырмай, құқықтық сауат ашудың және жеке ісін бастаудың нақты жолын көрсетті.

 

АЙЖАН ӘЛЖАНОВА, «МАМА ПРО» ҚҚ ҚОСЫМША ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ ӘРІ ЖЕТЕКШІСІ: «Мама Про» қоры бір жыл бойы ерекше бала өсіріп отырған ата-аналарға қолдау көрсетті. Осы уақыт ішінде 50 ата-ана біздің бағдарламамызға қатысып, қаржылық сауаттылықты меңгерді, психологиялық көмек алды. Сондай-ақ, ипотекамен баспана алудың жолын біліп, табысын қалай арттыруға болатынын түсіну үшін құқықтық және қаржылық кеңестерге жүгінді».

 

Сарапшылардың пікірінше, Шымкенттегі бұл басқосу бүкіл елге үлгі болуы тиіс. Себебі оңтүстік мегаполистің тәжірибесі тұрғын үй дағдарысын қағаздағы құрғақ сандармен емес, тараптардың тікелей келіссөзі арқылы шешу қажеттігін көрсетті. Аймақтағы бұл кездесудің республикалық деңгейдегі игі үрдіске ұласып жатқанын жобаның стратегиялық серіктестері де растап отыр.

 

АҚМАРАЛ ҚАРЛЫБАЕВА, «ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ЕУРАЗИЯ ҚОРЫ» БАҒДАРЛАМАЛАР ДИРЕКТОРЫ: «Біз қор ретінде 2024 жылдың соңынан бастап мүгедектігі бар әйелдер мен ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар арасындағы үйсіздікпен, оның ішінде жасырын үйсіздікпен күресуге бағытталған «Өмірлік мақсат» жобасын қолға алдық. Шымкенттегі «Мама Про» ұйымы біздің өңірлік серіктесіміз ретінде аналардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесіп жатқанына өте қуаныштымыз».

 

Ондаған ана көкейдегі өзекті сауалдарын мемлекеттік орган басшыларына тікелей қоюға мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жүздесу алдағы жүйелі талқылаулардың бастамасы ғана. Демек, Шымкенттегі бұл  диалог алаңы әрбір ерекше отбасы өз үйінің кілтіне қол жеткізгенше жұмысын тоқтатпақ емес.

Ботакөз Әнуар