«Шымкенттегі шырғалаң» І-ші орын алды

221

 

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР ІІМ республикалық детективтік шығармалар байқауын ұйымдастырды. Яғни алғаш рет республика көлемінде өткізілген «Серт» детективтік шығармалар байқауына 30-дан астам шығарма келіп түсіп, бақ сынасты. Бұл шығармалар қалың оқырманға белгілі емес және бұрын соңды ешжерде жарияланбаған.

Аталмыш шығармаларда жазушылар мен журналистердің қаламы арқылы полицейлердің шынайы бейнесі айқын көрініс тапқан. Сондықтан құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, жазушы-аудармашы, ақын, кинорежиссер Бақытжан Қанапиянов, жазушы-журналист Александр Тараков және басқа да көрнекті мәдениет, өнер және журналистика өкілдері бар қазылар алқасына мықтылардың ішінен мықтыларды анықтау оңай болған жоқ.

Республикалық байқау 6 ай бойы жалғасын тапты. Шығармалар жан-жақты сараланып, стиль, грамматика, орфография мен әдебилігі секілді т.б. түрлі тұстарынан тексерілді. Нәтижесінде бас жүлдені Павлодар облысынан “Қатаң режим” туындысының авторы Дихан Баймұхамбетов, І-орынды Түркістан облысынан “Шымкенттегі шырғалаң” шығармасының авторы Анарбек Мұхтар Тұрғанбекұлы, ІІ-орынды Павлодар қаласынан “Екеудің көлеңкесі” туындысының авторы Алпысбай Хонжы мен Алматы қаласынан “Мажоры” шығармасының авторы Бекболат Сарбасов алды.

Одан бөлек ІІІ орынды “Адьюторлар” шығармасы үшін Нұр-Сұлтан қаласынан Екатерина Паевская, “Болмаған той” Жадыра Шамұратова, “Чикаго” әңгімесімен Ернұр Әзімбаев қанжығасына байлады.

Киелі Түркістан өңірінен сынға түскен «Шымкенттегі шырғалаң» шығармасының авторы Анарбек Мұхтар Тұрғанбекұлы қалың оқырманға бірқатар шығармалары жол тартқан жазушылардың бірі. Ол 1967 жылдың 2 қазанында дүниеге келген. 1992 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін аяқтаған. 1992-1997 жылдар аралығында республикалық мерзімдік басылымдарда жұмыс жасаған. Бұған дейін ол мемлекеттік, әскери қызметтерде ел үшін қызмет еткен.

– Мен «Серт» байқауына шығармамды көктем мезгілінде жазып, жолдадым. Онда басты кейіпкерлер ішкі істер саласының және ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері. Яғни 1992 жылы сотталғандарды таситын вагоннан бір топ түрмешіктер қашып шығады. Олар Қызылорда-Сарыағаш деген жолаушылар автобусына шабуыл жасап, ішіндегі тұрғындардың барлығын кепілге алады. Сол кезде қауіпсіздікті қамтамасыз еткен Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оларды құрықтау мен жолаушыларды аман алып қалу үшін барлық жедел шараларды атқарды. Бірігіп, жоспарлы түрде біріккен операцияны іске асырды. Нәтижесінде қызметкерлердің кәсібиліктерінің арқасында түрмешіктердің барлығы ұсталып, кепілге алынған қарапайым тұрғындар дін аман босатылды. Яғни өз шығармамда мен сол кейіпкерлердің атқарған қызметі мен кәсібиліктерін көрсетуге тырыстым, – дейді І-орынды жеңіп алған шығарманың авторы Анарбек Мұхтар Тұрғанбекұлы.

Аталмыш «Серт» байқауында жұбаныш сыйлықтары да табысталды. Олардың ішінде Түркістан облысынан ақын Айдарбек Байділдә Жартайұлының «Суицид» және Асқарова Азиза Ержанқызының «Көрінбейтін қарақшы» шығармалары бар.

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі