Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен өңірде бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасы ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін еселеуге септігін тигізуде. Сонымен қатар, сауда-саттықты, жалпы аймақтың экономикасын дамытуға оң серпін беруде.
Төлеби ауданы Тағайна елдімекенінің тұрғыны Розмат Мирзаев осы сөзімізге дәлел. Ол өз ауласындағы бақшадан алдымен картоп жинап, енді орнына қияр егемін деп отыр.
Төлебилік Розмат Мирзаев кезінде әскери қызметкер болған. Зейнетке шыққан күннен бастап жыл сайын осылай өз ауласына түрлі көкөністер мен дақылдарды отырғызуды әдетке айналдырған. Бақшасынан кез-келген өнім түрін оп-оңай табуға болады. «Жасым 70-тен асса да, шаршамаймын, керісінше, осындай шаруа қожалығы жұмыстарынан жаным жай табады»,- дейді тұрғын.
Розмат Мирзаев, Төлеби ауданы, Тағайна ауылының тұрғыны: «Жасым 71-де, зейнеткерлікке 1994 жылы шықтым, міне содан бері шаруашылықпен айналысамын, аттарымыз бар, қымыз істейміз, мына бақша егеміз, Таза өнім,қызанақ өзіміздікі».
Төлеби ауданының әкімі бір алқаптан бірнеше өнім алу жобасы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты. Ауданда су мәселесінен тапшылық болып тұратынын ескеріп, бәріне бірдей суды жеткізіп беруге тырысамыз дейді.
Төлеген Телғараев, Төлеби ауданының әкімі: «Облыс әкімі тапсырмасына сәйкес бір алқаптан 2-3 өнім алу бойынша ауданда жылда-жылда жұмыстар атқарылып келеді. Биылғы жыл біздің жоспар бойынша 150 жоба бар. Жалпы көлемі 51 гектарға осындай егістік егілді. Сумен қамтамасыз ету бойынша өзекті проблема бар, болып тұрады. Себебі, бәріне қазіргі таңда маусым кезінде су керек. Соны кезек-кезегімен беру мәселесі, суды жыртып алу мәселесі де кей кезде туындап тұрады. Оны бірақ шешуге тырысып жатырмыз».
Айта кетейік, Төлеби ауданында биыл бір алқаптан бірнеше өнім алу бойынша 150 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазірдің өзінде оның 120-сы бойынша алғашқы өнім алу үшін 51,13 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген.
Қазіргі таңда сарымсақ өнімдері жинауға дайын, маусым айының соңғы он күндігінде басқа көкөністерді жинау жұмыстары басталады. Бірінші өнім жиналып алынған соң екінші өнімге күздік көкөніс дақылдарын егу жоспарлануда.