COVID орталықтағы ауыр жағдай…

172

Дәрігерлер күн сайын өліммен күресетін орын. Асардағы жұқпалы аурулар ауруханасының ішіне кіруге біздің түсірілім тобы рұқсат алған еді.

Мұнда дәл қазір коронавирус пен пневмониямен ауыратын науқастар жатыр. Ондағы көрген дүние коронавирус жоқ деп жүрген адамдарды ойландырары анық.

Түсірілім барысында ауруханаға 3 адам түсіп, оның біреуі сол сәтте көз жұмды. Вакцинацияланған науқастар туралы шындықты аурухана басшысы айтып берді.

Бұл аумақ келушілер үшін жабық, ішке тек дәрігерлер ғана кіре алады. Оның себебі де жоқ емес.

Мұнда бәрі қауіпті вирусты жас ерекшеліктеріне қарамастан жұқтырған.

Асардағы инфекциялық реанимация орталығы 30 төсек-орынға есептелген. Қазір ол 100 орынға дейін кеңейтілді және олардың барлығы дерлік қазіргі таңда бос емес. Бұл дегеніміз, 100 науқастың өмірі үшін ақ халаттылар күресуде.

Пациенттердің жеңіп-жеңбеуі тек дәрігерлерге ғана емес, өздерінің жігеріне де байланысты.

Жансақтау бөлімі үш блокқа бөлінген. Орташа, ауыр және өте ауыр жағдайдағы науқастарға арналған. Дәрігерлер әр науқастың денсаулығында болып жатқан өзгерістерді үнемі қадағалап отырады. Ал аздап нашарлаған жағдайда науқас келесі блокқа ауыстырылады. Онда басқа құрылғылар және өмірді сақтап қалудың басқа да режимі бар.

Ауруханадағы науқастардың барлығы дерлік бір ауыздан үйден шықпағанын, адам көп шоғырланатын орындарға бармағанын айтады.

Алайда, вирусты өзін-өзі оқшаулау режимінде жұқтыру іс жүзінде мүмкін емес дейді ақ халаттылар. Оны дүкенге, базарға барып немесе адамдар көп жиналатын іс-шараға қатысу арқылы жұқтыратынын айтады. Емделушілердің арасында вакцина салдырғандар да бар. Бірақ олар аса ауыр жағдайдағы бөлімде ем қабылдап жатқан жоқ.

Аурухананың бас дәрігері алғашында коронавирусқа қарсы екпенің әсері аз деп санағанын айтады.

Осы ретте бас дәрігер вакцинацияланған адамдар ауырады деп айтатындар үшін жауап берді. Оның сөзінше иммунитеті әлсіздер індетті жұқтыруы мүмкін, бірақ ауру жеңіл өтеді.

Түсірілім тобы реанимация бөлімінде бар болғаны 40 минут болды. Осы уақыт ішінде бөлімге үш науқас ауыр халде түсті. Бір адам сол сәтте қайтыс болды. Дәрігерлер оны бірнеше рет жанын сақтап қалуға тырысты. Бірақ аман алып қала алмады.