Коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамның денесін жерлеу рәсіміне дайындау үшін 2 туысқаны қатыса алатын болды. Бұл туралы еліміздің Бас мемлекттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысында айтылған.
Адамдар арасында 2 метрден кем емес қашықтықты сақтай отырып, респиратор, бір рет қолданылатын медициналық халат, қолғаптар, бахила сияқты жеке қорғаныш құралдарын пайдалана отырып, денені жуу кезінде қайтыс болған адамның тек 2 туысқаны болуына жол беріледі. Сондай-ақ, денені дайындауға балалар, 60 жастан асқан қарттар және созылмалы патологиясы бар адамдар қатыспауы керек.
Жерлеу іс-шараларын өткізу үшін туыстарымен қоштасуға мәйітті беруге рұқсат етіледі. Діни салтқа тек бір ғана діни қызметкердің қатысуына жол беріледі. Бұл ретте діни қызметші мен туыстары қайтыс болған адамның денесін ұстамайды.
Жерлеуге қатысушылар жеке қорғаныш құралдары бетперде, қолғап пайдалануы тиіс. Рәсім кезінде кем дегенде 2 метр қашықтықты сақтау қажет. Сонымен қатар, CОVID-19 расталған немесе ықтимал диагнозы бар қайтыс болған адамның мәйітін көмуге жеке зират бөлместен жалпы зираттарда жүргізіледі.
Олжас Айдарбек