ПТР тест кімдерге тегін жасалады?

72

Бүгінде елімізде вакцинадан бас тартқан квазимемлекеттік компаниялардың қызметкерлері полимеразды тізбекті реакция тестін апта сайын өз есебінен тапсыруға мәжбүр. Ал вакциналау тегін.

Қызметкерлердің ПТР тестіні неге тегін етпейді деген сауалына арнайы мамандар жауап берді. Олардың сөзінше Конституция аясында вакцинация ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіреді екен. Ал, ПТР тест бұл санатта жоқ.

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы: «Жұқпалы аурулармен күресте бірде-бір тәсіл вакцинация сияқты нәтиже бермейтінін вакцинация тәжірибесі көрсеткен. Бұл біздің негізгі қаруымыз және ауру жұқтыру, ауруханаға түсу және өлім қаупін болдырмауға бағытталған. Конституция аясында вакцинация ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіреді».

Комитет төрайымының айтуынша, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен ПТР тестілеу тегін өткізілетін адамдардың 12 санаты бекітілген. Бұл клиникалық белгісі бар, науқаспен байланыста болғандар және жүкті адамдар екен. «Ал, басқа тұлғаларға сынаманы тегін тапсыру қарастырылмаған»,-  деді комитет басшысы.

Ақмарал Айтбаева