Қазақстанда Президенттік жастар кадр резервіне кандидаттарды іріктеудің екінші кезеңі 1 қыркүйекте басталады. Іріктеу нәтижесінде мемлекеттік сектор үшін 50 жас резерв таңдап алынады. Осылай деген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова іріктеуден өткендер Президенттік жастар кадр резервінде 3 жылға дейін бола алады дейді. Сондай-ақ, агентттік басшысы кандидаттарға қойылатын негізгі талаптармен таныстырды.
Анар Жайылғанова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы: «Кандидаттарға қойылатын негізгі талаптар сол бұрынғысынша, Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс, жасы 35-тен аспауы керек, жоғары білімі бар және еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы қажет. Осы жолғы жастар резевтерінен білім мен дағдыдан бөлек, қоғамдағы мәселелерден хабардар болып, оны шешуге қызығушылық танытуы жоғары бағаланады. Сонымен қатар, арнайы тапсырмалар беріліп, кандидаттардың білім-біліктілігі жаңаша бағаланады. Іріктеу кезеңіне Мемлекет басшысы бұған дейін саяси, мемлекеттік қызмет, әкімшілік корпус қызметіне тағайындаған қызметшілер қатыса алмайды. Президенттік жастар кадр резеврінде бұрын болған азаматтардың қатысуына болмайды».
Екінші кезеңде үміткерлерге ситуациялық тапсырмалар беріледі. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің айтуынша, үміткерлер еліміздің 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес тақырыптық бағытты таңдап, сол бойынша тапсырманы орындайды. Ол үшін 45 минут беріледі және жауабы 500 сөзден аспауы тиіс.
Ерлан Әбіл, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры: «Үміткерлерді іріктеу 5 кезеңнен тұрады және ол биыл қазан-желтоқсан айларында өтеді. Әр кезеңнен кейін үміткерлер іріктеліп, тиісінше олардың саны азайып отырады. Бірінші кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Бұл кезеңнен барлық үміткерлер өтуі тиіс және келесі кезеңге ең көп балл жинаған үміткерлердің 50%-ы жіберіледі. Тестілеуден тапсыру тілін үміткер өз бетінше таңдайды, тест 25 сұрақтан тұрады және оларға жауап беруге 25 минут уақыт беріледі. Тестілеу аяқталған соң оның нәтижесі үміткердің жеке кабинетінде жарияланады».