Төлем картасын алуға келген шымкенттіктер шу шығарды. Бірі картаның әлі дайын болмағанын айтса, енді бірі өтінішті бірнеше ай бұрын берсе де алып кетуге енді уақыттың болғанын жеткізді.
Ал ең бастысы карантиндік шектеулерді сақтап жатқан да ешкім жоқ. Бар мақсат ертең сабаққа баратын балаларының қамын жасау. Себебі, жолақыны қолма-қол төлеген оқушылар 100 теңге беруге мәжбүр болады. Ал, сала жауаптылары бүгінде 12 мың картаның дайын екенін алға тартып отыр.
Бұл балаларының қоғамдық көлікте жүретін «Төлем» картасын алуға жиналған ата-аналар. Ертең алғашқы сабақ күні болғандықтан шаһардағы жалғыз фронт кеңсеге келушілердің қарасы қалың.
Мұнда карантиндік талаптарды сақтап немесе кезекке қарап жатқан ешкім жоқ. Тұрғындардың кейбірі картаны алуға бүгін ғана қолымыз тиді десе, енді бірі бірнеше рет келген кезде мекеменің жабық болғанын айтады.
Сала жауаптыларының айтуынша бүгінде 12 мыңнан аса оқушы мен студенттер картасы дайын тұр. Алайда, ағымдағы жылдың басынан бері халықты қанша ақпараттандырса да құлақ түріп, құжатты уақтылы алғандары шамалы екенін жеткізді.
Оқу жылы басталар сәтте бізді әбігерге салды дейді олар. Бұған дейін 5 қызметкер жұмыс істеген болса, қазір тұрғындардың көп жиналуына байланысты көмекке еріктілер тартылыпты.
Гүлнара Құлажанқызы, «Төлем» картасының атқарушы директоры: «Халықты хабарландырғанбыз, сонда да көбісі келген жоқ. Ал бүгін бәрі келіп жатыр».
Жолаушылар көлігі басқармасының қызметкерлері де тұрғындарды сабырға шақырды. Бүгінге дейін адамдардың жаппай келуі орын алған емес деген жауаптылар тәртіп сақшыларына жүгінуге мәжбүр болды.
Мұқтар Қоқанбаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары: «Аталған жұмыс 3 айдан бері жүргізіліп жатыр. Халыққа түсіндіріп жатырмыз. Мысалы, мен өзім екі апта бұрын келіп көргенімде дайын карталарды беру пунктінде 4-5 адам жұмыс істеп отыр да, алып кетіп жатқандар саны тәулігіне 150-200 адамға ғана болды. Ал қазір көріп отырсыздар бір мезетте 200 адамға келіп отыр. Ас ішерде ғана керек деп, тақалған кезде осындай болып тұр».
Естеріңізге сала кетсек биылғы жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта жүргізіледі. Енді шымкенттік оқушылар мен студенттер қоғамдық көлікте «Төлем» картасы арқылы қатынауы тиіс. Ал, құжат болмаған жағдайда олар 100 теңге төлеуге мәжбүр.
Мөлдір Ибадуллаева