Ұлттық халық санағында қандай сұрақтар қойылады?

227

Ұлттық халық санағында 91 сұрақтан тұратын санақ парақтары әзірленіп отыр. Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловтың айтуынша, сұрақтың бәрі бір адамға қойылады.

Қазақстанда тұратын және сырттан келген адамдарға бөлек-бөлек парақша беріледі. Санақ кезінде қойылатын сұрақтар арасында тілдерді меңгеру дәрежесі, бір айдағы табысы, неке жағдайы, пандемияның табыс деңгейіне әсері сынды және тағы басқа сауалдар қамтылады. Сонымен қатар, үйіңізде отырып-ақ sanaq.qov.kz сайты арқылы онлайн санақтан өтуге болады.

1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтетін ұлттық халық санағында 91 сұрақ қамтылады. Онда тілдерді меңгеру дәрежесі; діні; бір айлық табысы; пандемияның табыс деңгейіне әсері; covid-19-бен ауру және вакциналаудан өтуі секілді сауалдар болады.

Нұрболат Айдапкелов, Ұлттық статистика бюросының басшысы: «Тұратын және келушілер тізіміне арналған 8 сұрақтан тұрады. Тұрғын үй жағдайлар жайлы 8 сұрақ. Жеке адамдарға ең үлкен парақшада 42 сұрақ жинақталған. Және де шетелдіктерге қойылатын сұрақтар бар. Бұрыннан келе жатқан сұрақтан басқа біраз қосымша сұрақтар қостық. Бұл тіршілік әрекетіне байланысты, пандемияға байланысты, уақытша ҚР территориясында тұруына, көші-қон, жұмыспен қамту, неке жағдайларына, табыс көздері байланысты сұрақтармен қосымшаланды».

Бюро басшысы халық арасында есік ашуға қорқатын адамдар да бар екенін айтады. Ондай жағдайда sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн санақтан өтуге болады. Ол үшін алдымен тіркелу керек. Санақтың барлық парақшасын толтырып шыққаннан кейін ұялы телефон нөміріне «Сіз халық санағынан өттіңіз!» деген SMS-хабарлама келеді. Ал үйге планшет ұстаған адамдар келгенде SMS-хабарламаны көрсете салуға болады.

Нұрболат Айдапкелов, Ұлттық статистика бюросының басшысы: «Мамандар арнайы киіммен жүреді. Сосын әрбіреуінің мойнында мөрі басылған куәлік болады. Ал куәліктің нөмірі арқылы сайттан ондай маманның бар-жоғын тексеріп алуға болады. Сондықтан қорқудың қажеті жоқ».

Бюро басшысы халық санағына 32 300 адам жұмылдырылады деп отыр. Олардың әрқайсысы 833 адамды санақтан өткізуі керек болады. Сол үшін оларға 109 мың теңге еңбекақы төленеді. Жалпы ұлттық халық санағына бөлінген қаражат 9,1 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл қаражат 19 млн 51 мың адамға есептелінген.

Әлихан Файзханов