Шымкентте газдан уланған әйел қайтыс болды

103

Шымкент қаласы, Еңбекші ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің бірінде газдан улану салдарынан бір адам қаза тапты. Сондай-ақ, 16 қыркүйек күні орын алған оқиғадан зардап шеккен екі азаматша ауруханаға жеткізілген. Алдын ала болжам бойынша апат су жылытатын газ құрылғыларын дұрыс пайдаланбаудың салдарынан болып отыр дейді мамандар.

16 қыркүйек күнгі газдан улану фактісі осы пәтерде орын алған. Қазір бұл үй жабық тұр, бірақ есіктің бұзылғанын байқауға болады. Төтенше жағдайлар департаментінің айтуынша үйде үш адам болған. Жағдайдың не себепті орын алғанын нақты айта алмаймыз деген мамандар ол үшін сот медициналық сараптама тағайындалатынын жеткізді.

Зарипа Тұрысбекова, Шымкент қалалық ТЖД қоғаммен байланыс тобының бас маманы «Алдын ала болжам бойынша су жылытатын газ құрылғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан 1966 жылғы азаматша оқиға орында қайтыс болды».

Ал 1995 және 2016 жылғы екі азаматша қалалық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша алғаш келгенде 5 жастағы қыздың жағдайы ауыр болған көрінеді. Сондықтан бірден жансақтау бөліміне жатқызылыпты. Ал бүгін дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында бөлімшеге ауыстырылды дейді ақ халаттылар. Ал орташа жағдайда келген анасы оқиғаның қалай болғанын айтып беріпті.

Марат Какенов, дәрігер-токсиколог: «Токсикология бөлімшесіне 2 науқас түскен. Табиғи газбен жедел улану ауыр дәрежесімен. Жағдайлары орташа. Керек емнің бәрі кислород терапия ем қабылдап жатыр. Бір 3-4 күн тағы да жатуы керек. Мамасының айтуынша газ колонкамен шомылған үйінде. Ол дұрыс істемей, өшіп қалған».

Оқиға орнына келген жедел топтың айтуынша пәтерде газ қондырғыларын орнатудағы бұзушылық анықталған. Жылдам су жылытқыштың мұржасында ауа тартқыш жоқ болып шығыпты. Газ шаруашылығы мамандары газ қондырғыларымен ешқандай манипуляция жасамауға, одан да бастапқы жобаға сәйкес келмейтін пәтерлерге су жылытқышты орнатпауға шақырады.

Мөлдір Ибадуллаева