Газдан уланып тағы бір ер адам көз жұмды

Шымкентте 2005 жылы туылған тұрғын газдан уланып, қайтыс болды. Оқиға 25 қарашада болған. Ал оның әкесі шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Қайғылы оқиғадан кейін газдан уланудың алдын алу шаралары күшейтіле бастады. Абай ауданының төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындарға үгіт-насихат жүргізіп, мұқтаж отбасыларға газ дабылқаққышын орнатты.

Абай ауданында газдан уланып, 2005 жылғы азамат көз жұмды. Марқұмның денесін оның туыстары тапқан. Ал баланың 1978 жылы туған әкесі шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, токсикология бөліміне жатқызылған. Оқиға қараша айының 25-і күні болған.

Асқар Шәріп, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі: «25 қараша 2023 жылы Шымкент қаласы ТЖД 14:40 шамаларында Абай ауданы Жиделі мөлтек ауданында 1978 жылғы және 2005 жылғы туылған азаматтардың газдан уланғаны жөнінде 102 қызметіне хабарлама келіп түсті. Оқиға орнында 2005 жылғы туылған ер азамат улы газдан уланып, сол жерде қайтыс болды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды».

Газдан уланудың алдын алу мақсатында Абай ауданында үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Төтеншеліктер бұл жолы Қайнарбұлақ елдімекенінің тұрғындарын қауіпсіздік шараларымен таныстырды. Әрбір үйге жеке-жеке кіріп, газ қазандықтарын тексерді.

Сақтық шараларын күшейту мақсатында төтенше жағдай қызметкерлері аудандық әкімдікпен бірлесе отырып, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға газ дабылқаққышын орнатты. Қауііпсіздік үшін өте маңызды бұл құрал – газ шыққан жағдайда иісті сезіп, дереу арнайы дыбыс береді.

Нұрсұлтан Әшім, Абай аудандық ТЖ басқармасының инженері: «Адамдар ұйықтаған уақытта егер газ шыққан жағдайда газдың иісін сезіп, арнайы дыбыс білдіреді. Яғни, тұрғындарды ояту мақсатында газдың шығып тұрғанын білу үшін орнатылады. Газ дабылқаққышы барлық үйде өздерінің қауіпсіздіктері үшін орнатқан дұрыс деп есептеймін. Көп үйлерде пештері жарық, одан кейін пештердің үстіне әртүрлі жанғыш материалдар орналастырып қойған және өртке қауіпті қысқа тұйықталуға әкелуі мүмкін сымдарды орнатқан. Осы бойынша айттық, түсіндірдік».

Мамандар тексеру барысында жеке үйлерде көптеген кемшіліктер мен бұзушылықтардың анықталып жатқанын айтады. Әрине, оларды жою мақсатында жауаптылар тарапынан түрлі іс-шаралар жүргізіліп отырады. Дегенмен, тұрғындардың өздері де қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы керек дейді төтеншеліктер.