Úı ANONS Төрт адамның мәйіті табылды

Төрт адамның мәйіті табылды

Шымкент қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде төрт адамның денесі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдайға газдан улану себеп болуы мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, бұл үйде газ жүйесіне қатысты мәселе бұрыннан бар.

Газдан уланған төрт адамды бүгін туған-туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Аталған үйдің бір пәтерінде 32 жастағы әйел мен оның жасөспірім қайынсіңлісі көз жұмған. Көрші пәтерден 24 жастағы жігіттің мәйіті табылса, үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерде тұрған студент қыз да сол түні жан тапсырған. Құтқарушылар пәтер есіктерін бұзып кіріп, марқұмдардың денесін алып шыққан.

ИСЛАМ ФАЙЗУЛЛАЕВ, КӨРШІСІ: «Бірінші қызды тапқан екен. 11 жарым 12-лер шамасында. Естуіміз бойынша квартирант қыз екен. Есікті ашып кірсе, ванна құлыптаулы болыпты. Ваннада шомылып жатқан кезде жүріп кетіпті. Жолдас баламның келіншегі барынша тырысып, жердің бәрін тырнап, көрпелерді түсіріп, шығуға әрекет жасаған да құлаған. Ал қарындасымыз сол күні ауырып, апасына сабаққа бармай-ақ қояйыншы депті».

Тұрғындардың сөзінше, бұл үйдегі газ жүйесі жиі ақау берген. Айтуларынша, бірнеше рет жауапты мекемелерге шағым түсірілгенімен, нақты нәтиже болмаған. Қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын подъезде газ иісі күшейіп, адамдар өзін жайсыз сезіне бастаған.

ИСЛАМ ФАЙЗУЛЛАЕВ, КӨРШІСІ: «Негізі бұл сол күні шыққан газ емес. Бұл алдын шығып жүрген. 5-ші этажда жолдас балам тұрады. Сол айтады, үш күннен бері ұйқыға тарта береді. Подьездге кірсем иіс шығып тұрады дейді. Үш күннен бері басты ауыртып, ұйқыға тарта береді дейді»

Оқиғаға байланысты тиісті қызметтер әзірге нақты қорытынды жариялаған жоқ. Ал полиция дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады. Қазір жан-жақты сараптама жүргізіліп жатыр.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
«Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету жайты бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру нәтижесімен іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады»

Қара жамылған жұрт қайғылы жағдайдың нақты себебі анықталып, кінәлілер заң алдында жауап береді деп үміттенеді. Сондай-ақ марқұм әйелдің артында қалған үш баланың тағдырына бейжай қарамауды сұрап отыр.

Лаура Бабас