Ұлт саулығы – ел байлығы. «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиында денсаулық сақтау мен спорт салаларында атқарылып жатқан жұмыстар мен пандемияға байланысты денсаулық сақтау саласындағы орын алған өзекті проблемалар талқыланды.
Алдағы уақытта шаһарымыздағы денсаулық сақтау нысандарына тексеріс күшейеді. Осы мақсатта «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанынан «Ұлт денсаулығы мәселелері» жөнінде Қоғамдық кеңесі құрылды.
Арнайы топ праймериз жеңімпаздары, партиялық кадрлық резерв өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары , дәрігерлер, азаматтық қоғам өкілі, бұқаралық ақпарат өкілдері, яғни жалпы саны 9 адамнан құралған.
Партия жанындағы Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Есенбек Серкебаевтың айтуынша, арнайы құрылған топ осы уақытқа дейін денсаулық сақтау саласындағы бірнеше кемшіліктерді анықтаған.
Атап айтқанда, олар №1 қалалық емханасы, «Ана мен бала» оңалту орталығы, №2 қалалық ауруханасы мен қалалық перзентхана орталықтарында орын алып отыр.
Сонымен қатар, көшпелі отырыста қаламыздағы әбден тозығы жетіп, күрделі жөндеуден өтіп жатқан медициналық мекемелер туралы да айтылды. Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бақытжан Позилов, Эпидемиялық жағдайға байланысты жоғарыда айтылған құрылыс жұмыстарының кейінге шегеріліп, белгіленген мерзімнен тағы біршама уақытқа созылатындығын жеткізді.
Жиын соңында Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов сөз алды. Пайдалануға беру 2022 жылға жоспарланған «Металлург» стадионы туралы ақпар берген ол, қазіргі таңда жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес 70 %-ға орындалғанын айтты.
Сондай-ақ, жиналғандар халық денсаулығын жақсарту мәселесіне қатысты өздерін алаңдатқан сауалдарын ортаға салып, тиісті мамандардан жауап алды.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың шілде айында қоғамдық кеңестің ұсынысы бойынша республикада алғаш болып Шымкенттегі екпе егу бекеттеріне бейнебақылау камералары орнатылған.
Айнұр Бекасанова