Еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін оның қызметтен босату туралы өтінішін мақұлдап, жаңа қорғаныс министрін тағайындады.
Жаңа қорғаныс министрі Мұрат Бектанов бұған дейін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары болған. Және Қазақстан республикасы Қарулы Күштері Бас штабын басқарған.
Солтүстік Қазақстан облысының тумасы 1988 жылы Киевтік жоғары қарулы қолбасшылық училищесін бітірген. Содан бері әскери қызметте. 2020 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен оған генерал-лейтенант әскери атағы берілді.
Президент 56 жастағы генерал лейтенантқа жарылыстың салдарын жоюға және мұндай оқыс оқиғалардың алдын алуға пәрмен берді. Оқ-дәрілерді сақтайтын жаңа қоймалардың құрылысын жеделдету тапсырылды.Ол нысандар елді мекендерден алыс орналасуы керек.
Сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайға байланысты елдің қауіпсіздігін арттырып, қорғаныс саласындағы жемқорлықты жоюға тапсырма берді.