Әлеуметтік сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

70

 

Еліміздің кәсіби мерекесі қатарындағы әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтіледі. Осы мереке қарсаңында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы салада еңбегі сіңген қызметкерлерді құттықтады.

— Бүгінде халықтың әлеуметтік ахуалын көтеріп, тұрмысын түзету мемлекеттің басты міндеттердің бірі. Және саланы дамытуда мемлекеттен қолдау да жеткілікті. Бұқараның сол көмектің шарапатын сезініп, мүмкіндікті мүлт жібермей пайдалануы әлеуметтік сала қызметкерлерінің сапалы қызметіне тікелей байланысты. Себебі,әлеуметтік жұмыстың салмағы өзгеге білінбейтін, біліктілікпен бірге кең жүректі қажет ететін күрделі сала,-дейді басқарма басшысы Б.Нарбекова.

Жалпы, биыл әлеуметтік салада бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, арнайы-әлеуметтік орталықтардың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ, мүгедегі бар азаматтарға арналған «Тең қоғам» орталығы ашылды.

Мерекелік кеш барысында бірқатар сала қызметкерлері қала әкімі М.Әйтеновтің, қалалық мәслихат, «Nur Otan» партиясы атынан арнайы алғыс хаттармен марапатталып, қаламыздың өнер иелерінің қатысуымен концерттік бағдарламасын тамашалады.

Айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша басқармаға қарасты 10 мекемедегі 1200-ге жуық әлеуметтік қызметкерлер күнделікті 2176 мүгедектігі бар азаматтарға, мұқтаж адамдарға әлеуметтік осал топтарға, оның ішінде 438 мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуде.