«Азаматтық орталық» ашылды

210

Шымкент қаласында үкіметтік емес ұйымдарға арналған «Азаматтық орталық» ашылды. Ашылу салтанатына Қазақстанның Азаматтық Альянсы Президенті Бану Нұрғазиева арнайы келіп қатысты. Жаңадан ашылған орталықтың қандай ерекшеліктері бар?

Қаламызда тіркелген үкіметтік емес бірлестіктер саны 1124, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар 840. Олардың қазіргі уақытта нақты жұмыс істеп жатқандары 4,5 пайызды құрап отыр. Дегенмен, үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіріп, істерін жүзеге асыратын арнайы орталық болмаған. «Бұл елге қажетті жаңа жобалардың жүзеге асуына көмектесетін орын болмақ» дейді қалалық азаматтық альянс төрағасы.

Жұмағали Білісбеков, «Шымкент қаласының азаматтық альянсы» төрағасы
«Үкіметтік емес ұйымдардың баспанасы жоқ еді. Мынаны қаладағы бүкіл үкіметтік емес ұйымдарға «Азаматтық альянспен» тығыз қатынаста істейтін кісілерге арнадық. Қазір өздеріңіз көрген жастар ұйымы демалыс күндері басқа жерлерден арендаға жер алып, өздерінің іс-шараларын өткізетін».

Орталықтағы «Сенім ұйымы» әйелдерге арналған бағдарламалар бойынша жұмыс істейді. Көпбалалы аналарға, жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созады. Ал «Инвотакси» бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қала ішіндегі көлік қатынасына көмегін тигізеді.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Мемлекет басшысының үкіметтік емес ұйымдарды қолдау аясындағы тапсырысы бойынша үкіметтік емес ұйымдарға ресурстық орталықты ашуға осындай ықпал етті. Себебі үкіметтік емес ұйымдардың қоғам дамуына әсері өте зор. Әлеуметтік мәселелердің көбі қазір мемлекеттік функцияны үкіметтік емес ұйымдар атқарып жатыр. Белсенді жұмыс жасап жатқандардың қаламызды дамытуға, жалпы азамттық қоғамды қалыптастыруға көмегі көп тиіп жатыр».

Аталған орталықта заңгерлік және бухгалтерлік қызметтерге қол жеткізуге, түрлі іс-шаралар өткізуге, арнайы мамандардан кеңес алу мүмкіндігі бар. Орталық сондай-ақ, келіссөз жүргізетін арнайы орындар, конференц-зал және кітапханамен қамтылған.

Жоба азаматтық қоғамды дамытудың жол картасы аясында жүзеге асырылып отыр. Алдағы уақытта орталықққа «Қазақстанның Азаматтық альянсы» қолдау көрсететін болады.

Гүлдана Дәурен