Халыққа қолайсыз көпір

103

18 шағынаудан тұрғындары Т. Рысқұлов көшесінің үстінен өтетін жолақ көпірге қатысты наразылығын білдірді. Олардың айтуынша күз және қыс айларында көпірге түсіп шығу, үстімен жүру мүмкін емес. Аталған көпірді балаларын жетектеген аналар мен егде жастағы кісілер тіптен пайдаланбайды, себебі тым биік.

Тұрғындардың сөзінше бұл жеделсаты мүлдем жұмыс істемеген. Наразы халық түсірілім барысында оның істеп тұрғанын көріп, шу шығарды. Дегенмен жеделсатының жайы тіптен нашар. Қолданыстағы құралға мүлем ұқсамайды. Ал көпір қарауылы болса, жеделсатының таңғы 8:30 дан кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істеп тұрғанын айтып, тұрғындарды тыныштандыруға тырысты.

Карима Ахматкулова, 18 шағынаудан тұрғыны: «Қыста көпір тайғақ болмас үшін плиталарды ауыстырсын. Жеделсаты бүгін ғана жұмыс істеп тұр. Тіпті плиталарды ауыстырғысы келмесе жерасты туннель жасасын. Немесе бұрынғы қалпына келтірсін. Баспалдаққа көтерілу -түсу өте қиын, мен анаммен жолдың арғы бетіне өту үшін ана жақпен айналып келеміз».

Татьяна Вискалина, 18 шағынаудан тұрғыны: «Құрылыс жұмыстары біткелі жеделсаты бірде бір күн жұмыс істемеген. Мұндағы баспалдақ өте ыңғайсыз, біз секілді үлкен кісілер мүлдем көтерілмейді. Көпірге көтерілмес үшін жол жүру ережесін бұзып, рұқсат етілмеген жерден жолдың арғы бетіне өтеміз. Қарды тазаламайды, айналасы қоқысқа толы болып жатады».

Қазірше қарапайым халыққа қолайсыз болып тұрған нысанға қатысты Еңбекші ауданы әкімшілігі жауап берді. Олар қолайлы көпір сметасы дайын екенін айтты, қазіргі уақытта бюджеттен қаржы күтіп отыр екен.

Александр Малахов, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Көпір осы жылға дейін энергетика басқармасының балансында болған. Биыл көпір Еңбекші ауданы әкімдігіне берілді. Тұрғындардан көпірге қатысты 3 түрлі шағымы барын анықтадық. Олар көпірге төселген тақтайшалардың қыста тайғанақ болуы және жеделсатылар тұрақты жұмыс істемеуі. Бізге көпір тура осындай қалпында берілді. Қазіргі уақытта осы мәселелер бойынша смета дайындалды. Бюджеттен жеделсаты, плиталарды ауыстыру жұмыстары бойынша қаржы бөлінуі тиіс. Ақша бөлініп, конкурс ұйымдастырылған соң ғана жөндеу жұмыстары басталады».

Айта кетейік, биіктігі 5,5 метрді құрайтын көпірдің ұзындығы – 25 метр. Аталған жолақ көпір 2014 жылы салынған.

Диана Біржанова