Шымкентте құрылыс алаңында 24 жастағы жігіт қайтыс болды. Бейресми ақпаратқа қарағанда, марқұм құрылысы аяқталмаған жеделсатыдан құлап мерт болған. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.
Шымкентте жаңадан салынып жатқан тұрғын үйден 24 жастағы жігіттің денесі табылды. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, ол құрылысы бітпеген үйдің жеделсатысынан құлат, мерт болған. Қайғылы оқиға жұмыс уақытында болғанымен, құрылыс аумағына жауапты адамдар ол жерде болмаған.
«Марқұмның жақындары істің тергелмей, басшылыққа қатысты іс қозғалмағанына шағымданады. Марқұмның отбасына көмек көрсетілмеген»
Әлеуметтік желіде тараған ақпараттан үзінді
Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаны растағанымен оған қатысты қандай да бір пікір беруден бас тартты. Құрылысқа жауапты мекеме де тіс жармады. Ал еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне құрылыс алаңында адам өлу фактісін полиция хабарлаған.
Әлжан Мадалиев, Еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы: «Балтабаев Үмітжанға қатысты мәселе бізге Шымкент қалалық полиция департаменті Еңбекші аудандық полиция бөлімінен арнайы хатпен келіп түсті. Ол хатта «АйнаМеерХаус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты тұрғын үй құрылысында Балтабаев Үмітжанның белгісіз жағдайда құлап, қайтыс болғаны мәлімделген. Осы жағдай бойынша біздің тарапымыздан тексер жүргізу үшін жұмыс берушінің тарапынан 24 сағаттың ішінде берілетін хабарлама болуы керек. Сол хабарлама негізінде еңбек инспекциясы тарапынан арнайы тергеп-тексеру комиссиясы құрылып, 10 жұмыс күнінде тергеп-тексеру жүргізеді. Бізге бүгінгі күнге дейін жұмыс беруші тарапынан ешқандай хабарлама келіп түскен жоқ».
Әлжан Мадалиевтің сөзінше, марқұмның дәл сол серіктестікте жұмыс істегені, не істемегені беймәлім. Инспекция тексеру тағайындау үшін прокуратурадан келісім алуы туралы полицияға хабарланған. Прокуратура келіскен жағдайда кәсіпорынға инспекция жоспардан тыс тексеру жүргізбек. Қалалық полиция департаменті жазатайым оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Полиция осы жазатайым оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу аяқталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады»
Шымкент қалалық полиция департаменті
Ресми мәлімет бойынша, Шымкентте жыл басынан бері жұмыс уақытында 17 адам жарақыт алып, олардың алтауы қайтыс болған. Қайғылы оқиғаларға қатысты екі іс сотқа өткен. Қалғаны тергеліп жатыр.
Дилара Иса







