Бүгін Шымкент қалалық соты қала әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке оқ атып, жаралаған Ернар Жиембайдың ісі бойынша апелляциялық шағымдарды қанағаттандырмады. Сот қаулысынан соң жәбірленуші тарап Берденовтің денсаулығын оңалтуға кеткен шығынның бәрін өндіруге азаматтық талап-арыз түсіретінін мәлімдеді.
«Сот алқасы қаулы етті. Сотталған Ернар Жиембайға қатысты… үкімі өзгеріссіз, қанағаттандырусыз қалдырылсын».
Қалалық сот Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке 5 рет оқ атып, жаралаған Ернар Жиембайға қатысты тараптардың апелляциялық шағымдарын қанағаттандырмай, бірінші сатыдағы үкімді өзгертпеді. Сөйтіп сотталушы Ернар Жиембай «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танылып, 9 жыл жазасын түрмеде өтейтін болды. Ол апелляциялық соттан жаза мерзімін өзгертпесе де, айыптауды алмастыруды сұраған.
Ернар Жиембай, сотталушы: «Негізі үкіммен ешқандай келіспеймін. Адам өлтіруге деген ниетім болған жоқ. Енді сот осылай баға берсе не істейміз, амалымыз жоқ».
Апелляциялық қаулымен жәбірленуші тарап та келіспейтін болып шықты. Берденовтің орнына сотқа қатысқан оның өкілі косациялық шағыммен қоса азаматтық тәртіппен Берденовтің денсаулығына қатысты кеткен шығынның бәрін өндіруге арыз түсіретінін хабарлады.
Жеңіс Тыныбек, жәбірленушінің өкілі: «Шымкентте өзгере ме, жоқ па күмән болды. Күмәніміз ақталды, көріп отырсыз. Сот үкімі өзгерген жоқ. Өз тарапымыздан жоғарғы сотқа шағымданамыз. Сонымен қатар азаматтық талап-арыз береміз. Келтірілген залал бойынша».
Айта кетейік, 21 сәуір күні қала әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке қала әкімдігі ғимаратының маңында қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы басшысы 31 жастағы Ернар Жиембай оқ атып, жаралаған еді. 4 айдан соң сот оны «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танып, 9 жылға түрмеге жапқан.
Көп өтпей Берденов өз еркімен қала әкімі орынбасары қызметінен кеткен. Ол бұл қызметке ақпан айында келген болатын. Бірінші сатылы сот үкіміне тараптардың бәрі келіспей, апелляциялық шағым түсірген болатын.
Дилара Иса







