Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты «Орманшы» тұрғын алабында жаңа аллея ашылды. Бұрын қоқыс алаңы болған мекеннің жаңа кейіпі тұрғындарды қуанышқа бөлеп отыр.
30 жылға жуық қоқыс полигоны болған орынға жаңа аллея соғылды. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» қарсаңында салынған саябаққа тұрғындар дән риза. Бұрын адамдар серуендемек түгілі, бұл жердің иісінен бір минут та тұра алмайтын едік» дейді тұрғындар.
Әнипа Төртбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осыдан 6 жыл бұрын қала әкімдігіне. ЖКХ басшыларына қоқыс төгілгенін тоқтатып, орнына қала халқы, осы ауыл адамдары демалатын орын жасап беруін өтініп, кірген болатынбыз. Сонымыздың міне қарап тұрсаңыздар әдемі, көкмайса жерге айналғанына куә болып отрсыздар».
Бұрын қоқыс орны болған бұл алаңшада енді балалардың асыр-салып ойнауына барлық жағдай жасалған. Спортпен шұғылдану үшін алысқа бармайтынына қуанған олар саябақтағы алғашқы ойындарын бүгін бастап та кетті.
6000 тұрғынға арналған бұл аллеяға тұрғындардың сұранысымен «Алатау» деген атау берілді. Басшылар алдағы жылы аудандық «Наурыз» мерекесін осы мекенде өткізуді жоспарлап отырғандарын айтады.
Азамат Парманов, Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Алдыңғы жылы 2020-да жұмыстар басталған болатын. Бұл жеге балалар ойын алаңшалары, спорт алаңшалары қойылды. Уоркаут қойылды. Скважиналар қазылды. Одан басқа жарық шамдар қойылды бұл жерге. Жалпы заманауи саябақ болды».
«Орманшы» тұрғын алабында орналасқан аллея құрылысына бюджеттен 336 млн. қаржы бөлінген. Ал саябақтың жалпы аумағы 4,8 гектарды құрайды. Сала басшылары алдағы уақытта тұрғындармен бірлесіп сенбілік өткізіп, саябаққа ағаш егуді қолға аламыз» деп отыр.
Гүлдана Дәурен