Теңге нығаюын жалғастыруда. Сарапшылар мұны мұнай бағасының күрт өсуімен түсіндіреді. Бірақ бұл үрдіс тұрақсыз болуы мүмкін. Нарық қазірдің өзінде жағдайдың өзгеру ықтималдығын ескеріп отыр. Яғни, қымбат мұнайдың әсері әлсірегенде, бағам қайта төмендеуі мүмкін.
Қаржыгерлер Ирандағы әскери қақтығыс пен мұнай бағасының өсуі ұлттық валютаға әсер етіп отырғанын айтады. Қазір мұнайдың бір баррелі 115 доллар шамасында. Егер жағдай осылай шиеленісе берсе, шикізат құны алдағы уақытта да өсе түсуі мүмкін
АРМАН БЕЙСЕМБАЕВ, ҚАРЖЫЛЫҚ КЕҢЕСШІ: «Қазіргі таңда энергия ресурстарының тапшылығына байланысты әлемдік деңгейде үлкен дағдарыс қаупі туындап тұр. Еуропалық саясаткерлер де бұл жағдайға бей-жай қарамай, тиісті дайындық қажеттігін ескертуде. Ал Штаттар болса, мұнай құнының 200 долларға дейін шарықтау ықтималдығын қарастырып жатыр. Мұнайдың қымбаттауы біздің елге келетін валюталық түсімді еселей түспек. Осылайша, сырттан келетін валюта көлемі артқан сайын, ұлттық валютамыз теңге де өз позициясын нығайтады»
Десе де, мамандар мұнайдың қымбаттауы тек уақытша ғана пайдалы екенін ескертеді. Себебі шикізат бағасының тым жоғарылауы әлемдік экономиканың дамуын баяулатып, соңында Қазақстанға, оның ішінде ұлттық валютаға кері әсерін тигізуі ықтимал. Кейбір мамандардың пікірінше, қазіргі уақытта АҚШ-қа ұзаққа созылған әскери қақтығыстар тиімсіз, сондықтан Трамп бұл шиеленісті аяқтауға күш салады
АРМАН БАЙҒАНОВ, «R-FINANCE» ҚАРЖЫЛЫҚ КЕҢЕСШІСІ: «Мұнай құны соғысқа дейінгі бағасына қайта оралуы мүмкін. Сондықтан теңгенің қазіргі нығаюы уақытша деп түсінген абзал. Әскери қақтығыс аяқталған соң, доллар бағамы қайта көтеріліп, 500 теңгелік межеден асып кетуі бек мүмкін».
Бүгінде ішкі жағдай сыртқы факторлармен ұштасып, теңгеге әсер етуде. Мәселен, базалық мөлшерлеменің 18% деңгейінде қалуы теңгелік салымдарды тиімді етіп отыр. Алайда, сарапшылардың айтуынша, бағамның алдағы күйі мұнай бағасы мен әлемдік нарықтағы жағдайға байланысты шешіледі
Ботакөз Әнуар






