Úı ANONS Сарапшылар: Жоғары туу деңгейі — жақсы ресурс

Сарапшылар: Жоғары туу деңгейі — жақсы ресурс

Қазақстанда туу көрсеткіші біртіндеп төмендеп келе жатқанына қарамастан, жалпы халық санының өсімі жоғары деңгейде қалып отыр. Әрбір үшінші тұрғын – бала, әрі бұл үлес әлі де артып келеді. UNICEF-тің «Орталық Азиядағы ұрпақ -2050» аймақтық есебіне сәйкес, жаһандық қартаю үрдісіне қарамастан, біздің өңір Еуразия кеңістігіндегі ең жас аймақтардың бірі болып қалып отыр.

Сарапшылар қазірден бастап болашақ туралы ойлану маңызды. Өскелең ұрпақтың білім алуы мен денсаулығы үшін инвестиция салу, сондай-ақ жастарды лайықты жұмыспен қамту жолдарын қарастыру қажет дейді.

UNICEF есебіне сәйкес, алдағы 25 жылда Қазақстан халқының саны 4-тен 1 бөлігіне, яғни 5,5 миллион адамға артады. Сарапшылар, карантиннен кейін туу көрсеткіші төмендеді, бірақ оның деңгейі әлі де жоғары болып отыр. Болашақта бұл көрсеткіш азаюы мүмкін, алайда қаншалықты жылдам болатынын дәл айту әзірге қиын дейді.

ҚАЙЫР РЫСБАЕВ, ДЕМОГРАФ: «Бұл біз үшін плюс, себебі бізде ресурс жеткілікті, жер жеткілікті, бізге проноталиcтикалық саясат керек, яғни халық санын арттыру маңызды. Жеріміз кең, адам саны аз, пайдалы қазбалар – мұнай, газ, ауыл шаруашылығы жерлері жеткілікті. Сондықтан дұрыс пайдалансақ, халық саны артса да, қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар».

Жас буын болашақта ел дамуының тірегіне айналуы үшін медицина, білім және жұмыс орындарына салынатын инвестициялар аса қажет. UNICEF зерттеушілері Орталық Азия мемлекеттеріне қазірден бастап инфрақұрылымды күшейтуге, балалар мен жасөспірімдерді сапалы тамақпен қамтамасыз етуге, әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға және жастарға арналған білім мен жұмыспен қамту бағдарламаларын құруға кеңес береді».

ҚҰРАЛАЙ МҰХАМБЕТОВА, ЕҰУ СОЦИОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «Бізде жастар саны көп, әрі алдағы жылдары бұл сан азаймайды. Егер оларға жұмыс орындары берілмесе, экономикалық жағдайды жақсартуға мүмкіндік болмаса, бұл қылмыстың көбеюіне әкелуі мүмкін. Сол арқылы тұрақты, әрі қазіргі тәртіпті бұзуға қабілетті демографиялық топ қалыптасуы ықтимал».

Сарапшылардың пікірінше, дұрыс саясат жүргізілсе, жоғары туу көрсеткіші қауіп емес, артықшылық. Бірақ демографиялық өзгерістерге алдын ала дайындалу маңызды.

ГҮЛНАР ОМАРОВА, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: «Демографиялық өсім — реттелетін процесс, ол хаос емес. Елде қосымша білім беру саласы да дамып келеді. Сондықтан мәдениет пен білім деңгейі жоғарылаған сайын, ол жалпы экономиканың өсуіне әсер етеді».

ИРИНА СМИРНОВА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ: «Қазір көптеген елдерде адам ресурсы жетіспей, түрлі мемлекеттерден мамандар шақыруға мәжбүр. Олар келген адамдарға арнайы жағдай жасау керек болады, ал ол азаматтар көбіне уақытша тұрып, тапқан табысын өз еліне жібереді. Бұл да белгілі бір қауіптер тудырады».

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл 9 айда елімізде 250 мыңға жуық сәби дүниеге келген.

Ботакөз Әнуар