Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауындағы тапсырмаларын орындау мақсатында сенаторлар өңірлерді аралауда. Бұл жолы ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Түркістан, Шымкент қалаларындағы кәсіпорындардың жұмысымен танысып, бірқатар кездесулер өткізді.

Сенаторлар Шымкент қаласындағы көлік логистикалық орталығын аралап, бағаны тұрақтандыру бойынша жергілікті билікпен қабылданған шаралармен танысты. Халықаралық талаптарға сай қоймаларда дәрі – дәрмектерден бөлек, ауыл шаруашылық өнімдері мен тұрмысқа қажетті заттар сақталады. Мамандардың айтуынша олардың жеткілікті қоры бағаның шарықтап кетпеуіне мүмкіндік береді.

«ТЛЦ үлкен мүмкіндік береді ірі компаниялар ұсақ шаруашылықтардан ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алып, осында сақтайды. Сосын кезеңімен сатады», дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев.

Азық -түлік бағасын тұрақтандырудан бөлек, тұрғын үй мәселесі бойынша ҚР Парламенті Сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлікті қолдау комитеті Түркістан қаласында көшпелі отырыс өткізген болатын. Онда талқыланған басты тақырып тұрғын үй қатынастары бойынша Заң жобасы.

«Заң жобасы 1-ші оқылымда талқыланды. Бағаны реттеу цифрлық технологияларды енгізу арқылы құрылыстың сапасын да жақсартуға мүмкіндік береді», дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев.

Қала мен ауыл халқын қолжетімді баспанамен қамту бағытында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Былтыр елімізде 15 млн. шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізілсе, биыл бұл көрсеткіш 17 млн. жетуі тиіс. Ол үшін мүмкіндік те ресурстар да жеткілікті дейді сенаторлар.

Шынар Оразова