Шымкентте жылу беру маусымы басталды

335

15 қазанда қала әкімінің өкімімен Шымкентте жылу беру маусымы басталды. Осыған байланысты «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің қызметі тәулік бойы жұмысқа көшті.

Жоспар бойынша қаладағы әлеуметтік нысандарға жылу бүгіннен бастап ал көпқабатты үйлерге кезеңімен беріле бастайды.

Жылу беруші мекемесінің  мамандары нысандарды аралауда. Солардың бірі Қарасу шағынауданындағы №64 мектеп-гимназиясы жылуға қазанның 14-не қосылған.

Нұрлан Бекболатов, №64 мектеп-гимназиясы директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары: «Бізге жылуды кеше сағат 6-ларда берді. Қазір циркуляция жүріп жатыр,  Қысым 8 атм. параметрлерге тоқталсам, кіре берісте температура  +53 градус, шығуында +32 градус. Барлығы ойдағыдай».

Осыдан үш жыл бұрын мектептегі жылу жүйесі толық жаңаланған екен. Содан бері жылу беру маусымында білім ордасында жылуға қатысты ешқандай мәселе туындамаған.

Орталықтандырылған жүйеден жылу алатын қала аумағындағы 1444 көпқабатты үйдің 179-на жылу бүгіннен беріле бастады. Қара су шағынауданындағы №47 үйдің тұрғындары жылуды ертерек бергені жақсы болды,  пәтеріміз суып кеткен еді дейді.

Тынышкүл  Сауғабаева, қала тұрғыны: «Былтырғы жылу беру маусымында пәтерлеріміз жақсы жылыды. Кеше жылу берді».

Сала мамандары, үйдегі жылу жүйесі толық сығымдаудан өтсе, ескірген құрылғы, құбырлар жаңаланса, пәтерлер тез арада жылынады дейді. Ал егер бұл талаптар орындалмаса жылу жүйесіне қатысты мәселелер туындауы әбден мүмкін.

Пердебай Сәбитов, «Қуатжылуорталық-3» МКК директоры: «Барлық үйлерге  жылу  бірден бір сәтте берілмейді. Өйткені, «3-Энергорталығы» АҚ  60 мың тонна  су  келеді. Ол бір мезгілде берілсе, құбырлар жарылып кетеді. Сабырлық танытсаңыздар, бір аптада барлық үйлерді қосуға тырысамыз.  Әр үйде хабарландыру қағаздарын жапсырып қойдық».

Жылуды қосу барысында қандай да ақаулар орын алса «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің тәулік бойы кезекшілікте болатын диспетчерлік қызметіне экранда көрсетілген телефондар арқылы ( экранға 44-82-37, 44-82-25, 44-81-89) хабарласуға болады.

Тағы бір ескеретін жәйт, жылу есептегіш құрылғысы жоқ көпқабатты үйлердің тұрғындары тұтынған жылуға төлемді 1 қарашадан бастап жасайды. Ал жылу есептегіш құрылғысы бар үйлердің тұрғындары жылу берілгеннен бастап актіге қол қойып, төлемдерді өтейді.

Шынар Оразова