Шымкенттегі «Қырғы» базардың сыртқы аумағында қашанда ретсіз сауда қыз-қыз қайнап жатады. Мұнда алыстағы ауыл-аймақтан келгендер бақшасында өсірген, алма, жүзім, жаңғақтарын саудалайды. Осы аумаққа жауапты тәртіп сақшылары ұдайы ретсіз саудамен күрес жүргізгенімен бір тәртіпке келтіре алмауда.
Күні кеше осы маңда жаңғақ сатып отырған әжейдің саудасын тоқтатпақ болған тәртіп сақшысының қылығына шымкенттіктер өз наразылықтарын білдірді. Әлеуметтік желіде «әжейдің ұялы телефонын тартып алды» делінген бейнежазба таралысымен қарама қайшылықты пікірлер толып кетті.
«Бұл видео бойынша қызметтік тергеу басталды. Тексеруден кейін қабылданған шешім, сақшылардың қандай жауапкершілікке тартылатыны туралы хабарлаймыз», — деді Шымкент ҚІІД.
Еске салайық, қазір Шымкентте полиция департаменті заңсыз сауданы ауыздықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.