Көршісінің атынан онлайн несие алған

60
фото Егемен.кз

Ағымдағы жылдың 9-қарашасында Абай аудандық полиция бөліміне 60 жастағы зейнеткер оның атына белгісіз біреу онлайн-несиені заңсыз рәсімдегені туралы арызданды.

Тергеу анықтағандай, бір көшеде тұрған көршісі әңгіме барысында әйелден оның жеке куәлігін сұрап, оны ұялы телефонына суретке түсірген. Содан кейін осы ақпаратты пайдалана отырып, оның атына онлайн дүкендердің бірінде «Самсунг» маркалы ұялы телефонын сатып алуға онлайн несие рәсімдеген. Шығын көлемі шамамен 200 мың теңгені құраған.

Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында жергілікті жердің 30 жастағы тұрғыны анықталды. Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу тексеру амалдары жүргізілуде.

Жанерке Хумар