Мектеп оқушыларына файзер вакцинасы салына бастады. Әр емдеу орталығы өзіне қарасты білім ордасының балаларына екпе салатын болады. Мамандардың айтуынша мұның бәрі ата-ананың рұқсатымен ғана жүзеге асырылады. Сонымен қатар, файзер екпесі жүкті әйелдерге де індеттен сақтану үшін тиімді болмақ.

Шымкентте мектеп оқушылары екпе ала бастады. Ең алдымен №14 емдеу орталығының ақхалаттылары өзіне қарасты Тұрар Рысқұлов атындағы білім ошағының шәкірттеріне Файзер вакцинасын салды. Екпені алғашқылардың бірі болып 10 сынып оқушысы Ақерке Тұрсынқұл салдырды. Ол әуелі ата-анасының рұқсатын алып, екпе алуға шешім қабылдағанын айтады.

Ақерке Тұрсынқұл, №25 Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-гимназияның оқушысы: «Иә, негізі ата-анамнан сұрадым рұқсаттарын толықтай берді, өзім де негізі қарсы емеспін екпеге. Өзімнің ойынша екпе алған дұрыс. Себебі, алда әлі не болатынын білмейміз, біреулер ауырып қалуы мүмкін. Сол себепті, алдын ала салдырып алған дұрыс. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жақсы ғой».

Дәрігерлер бүгін Т. Рысқұлов мектебіндегі 6 оқушыға вакцина салды. Бәрінің ата-анасы ұл-қызының індетке қарсы екпені қабылдауына рұқсатын берген екен. Тіпті жанынан табылып, қолдау көрсеткендері де бар. Ал ақхалаттылар Файзер вакцинациялау бұдан былай күнделікті жүретінін айтады.

Ботакөз Жұмабекова, №14 емдеу орталығының жалпы тәжірибелі дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі: «Спутник» вакцинасы 5 адамға салынады болды, «КазВак» 2, осылай Файзер вакцинасы 6 дозалық болып келеді. Яғни, 1 құтыны, амплуаны ашқан кезде 6 балаға жиналып салынады. Бізде бұл жерде 6 баладан көп бала болған-тұғын, бірақ ішінде 1 балада денсаулығына байланысты метотвод өттік. Яғни, оған салмайды деп шешті дәрігер».

Айта кетейік, Файзер вакцинасы 12 және 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге, сондай-ақ, 16 және 37 аптадағы жүкті әйелдерге салынатын болады. Екпенің бірінші дозасын қабылдаған адам, екіншісін 21-28 күннен соң салдыруы қажет.

Әлихан Файзханов