Úı ANONS «Тізіп қойып, күш көрсеткен»: Шымкентте оқушылар арасында әлімжеттік көбейді ме?

«Тізіп қойып, күш көрсеткен»: Шымкентте оқушылар арасында әлімжеттік көбейді ме?

Шымкентте оқушылар арасындағы әлімжеттік көбейді ме? Бір оқу жылында 400-ден астам шағым тіркелген. Олардың кейбірі тіпті қылмыстық іске ұласқан. Тізіп қойып, күш көрсеткен жасөспірімдер, қызметкердің оқушыға қол көтеруі де мектептерде тіркелген. Мәселенің мән-жайын анықтап, шешу үшін қандай жұмыс істеліп жатыр?

Шымкентте дәл осы оқу жылында қала мектептері мен колледждерде 400-ден аса әлімжеттік  туралы шағым түскен. Оның 22-сіне полиция қылмыстық іс қозғаған. Бұл туралы бүгін қалалақ өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, көбіне әлімжеттік оқу ғимараттарында орнатылған бейнебақылау камералары арқылы анықталып жатыр.

ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Камера арқылы анықталған № 142-мектепте. Өздеріңіз білесіздер буллинг жағдайы анықталды. Ол жерде акт залында кіші сыныптың оқушыларын үлкен сыныптың оқушылары тізіп қойып, күш көрсеткен. Оның бәрін камера анықтап, нәтижесінде мектеп директоры жұмыстан босатылды. Тәрбие ісі жөніндегі, оқу ісі жөніндегі орынбасарларына шара көрілді. Қазіргі таңда бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды».

Қуаныш Ысқақовтың сөзінше, әлімжеттікке мектеп қызметкерлері де барады. Мысалы, №149-мектептің қызметкері балаға қол жұмсаған. Ол әлімжеттіктің алдын алудың бір жолы бейнебақылау  камераларын дұрыс бақылау  және ата-аналармен жұмыс істеу дейді.

ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Бізде қазір құқық қорғау органдарының қызметкерлері және зейнеткер қызметкерлерімен арнайы тәлімгерлік жобасы іске асырылуда. Бұл жоба республика бойынша қолданылуда. Қателеспесем, бастапқыда Талғар қаласында бастады. Соны бүкіл республикаға ұсынылды.  Біз де сол мәселені бастадық. Қазіргі таңда тәлімгерлерді жұмысқа қабылдау жұмысы жүргізілуде. Олар балалармен жеке-жеке, әр сыныпқа барып күнделікті сабақ ретінде осы мәселелердің бәрін түсіндіретін болады».

Ресми мәлімет бойынша, әлімжеттік нәтижесінде адам өлімі  тіркелмеген. Жалпы 2025 жылы отбасылық жанжалдарға байланысты үйінде 11 оқушы өзіне-өзі қол салған.

Дилара Иса