Шымкент: «Қыс-2021» республикалық оқу-жаттығуы өтті

85

Шымкентте «Қыс – 2021» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу аясында бірнеше практикалық іс-шаралар өтті. Кезекті оқу-жаттығу барысында темір жол көлігінің апаты орын алды. Арнайы сценарий бойынша жасалған апатты жағдайда төтенше жағдайлар қызметінің атқарған шұғыл жұмысы қалай?

«Қыс-2021» республикалық оқу-жаттығу барысында темір жол айрығында бензин мен авиациялық керосин тиелген 28 цистерналы темір жол поезды жолдан шығып кетті. Салдарынан 3 цистерна жанар-жағар май сыртқа төгіліп, өртке ұласты. Апат рельстің сынуы себебінен болған.

Талғат Маткулов, Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі: «Бүгін республикалық команда штаттық оқу-жаттығуы Көксай-2 елдімекенінде жүргізілді. Өрт-тактикалық республикалық командалық жаттығу Көксай елдімекені темір жол тупигінде орын алды. Бұл жерде состав кетіп бара жатып, жолдан тайып кеткен. 3 цистерна жолдан шығып кетіп, жжм төгіледі. Өрт сөндіру бөлімінен 2 арнайы және 2 негізгі автокөліктер жұмылдырылды. Уақытында өрт оқшауланып, дер кезінде толығымен сөндіріледі. Оқу-жаттығу барысында 1 жұмысшы жарақат алады, оған 103 қызметкерлері уақытында көмектесіп, қауіпсіз жерге шығарылады».

Темір жол қызметкерлері мұндай апат бұрын орын алмағанын айтады. Дегенмен бола қалса, Шымкент темір жол станциясы оның салдарын жоюға дайын екен. Қазіргі таңда барлық тиісті мекемелерде арнайы гидранттар орнатылған. Ал арнайы поезд сумен және өрт сөндіру көбігімен толық қамтылған.

Ілияс Нұржанов, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Шымкент бөлімшесінің бас инженері: «Бұрын-соңды мұндай жағдай орын алмаған. Біздің өзіміздің бөлімшеге қарасты Шымкент аумағында 1 өрт сөндіру поезы бар, 1 қалпына келтіру поезды бар. Біз негізгі өрт болған жағдайда осы поездарды көтеріп, соны залалсыздандырамыз. Өрт сөндіру поездымызда 100 тонна су бар, 5 тонна көбік бар. Біраз өртті сөндіруге жеткілікті.
Темір жол стансасы төтенше жағдай салдарын жоюға толығымен дайын».

Апат кезінде бір адамның зардап шегуі орын алды. Оған шұғыл түрде арнайы жедел-жәрдем көлігі келіп, көмек көрсетті. Сондай-ақ, оқиға салдарынан 6 сағаттан астам уақыт темір жол станциясының 105-тен 107-ге дейінгі жолдарына барлық жолаушылар поезы тоқтатылды.

Аманбек Бейсембаев, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары: «Оқу-жаттығу барысында бүгінгі таңда «Қазақстан темір жол» АҚ Шымкент бөлімшесінің қызметкерлерімен апатты жою жұмыстары жүргізілді. Жалпы апат барысында төтенше жағдай қызметінің 70 адамы және 7 техникасы жұмылдырылды. Апат орын алған кезде байланысты ұйымдастыру, орын алған төтенше жағдайдағы жоғарғы вольтті электрді сөндіру, сонымен қатар орын алған жердегі арнайы күзет қызметтерінің қоршау алып, осы жерде жұмыстары жүргізілді. Бір адамның зардап шегуі орын алған осы апат кезінде, оған арнайы жедел-жәрдем көліктерінің дер кезінде қызмет жасауын пысықтадық».

Оқу жаттығуға Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамынан 15 адам және 4 бірлік техникасы тартылған. Төтенше жағдайдың салдарын жою мақсатында Қазақстан темір жолы акционерлік қоғамынан 70 адам, жолаушыларды эвакуациялауға арналған 7 бірлік техника және 1 өрт пойызы және кран қондырғылары бар 2 бірлік техника жұмылдырылды.

Қызметкерлердің жедел жұмысының нәтижесінде қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, поездардың қозғалысы үшін жол ашылды.

Гүлдана Дәурен