Шымкент қаласы, Таскен елдімекенінің тұрғыны әділдік сұрап арнамызға шағымданды. «Бұзақылар баламды таяқтың астына алады» деген ол бұл сұмдық қашан аяқталады деп алаңдаулы.
Айтуынша, жауаптылар бұл іс бойынша жәбірленушісіз сот өткізіп, айыптыларға ешқандай жаза қарастырмаған көрінеді. Ал жалпы бұл жағдайда қандай шара қолданылу керек? Заңгер не дейді?
“Шымкентте әділдік жоқ”. Осылай деп шырылдаған Анна Шагеева баласының болашағы үшін алаңдаулы. Сөзінше бір топ жігіттер ұлын бопсалап, ұрып-соққан. Оған дәлелі де бар көрінеді. Бірақ, сот менің қатысуымсыз өтті деген ана олар баласын жәбірлегендерді ақтап шығарды деп ашынып отыр. Ал, кәмелетке толмаған күдіктілердің ата-анасы да міз бақпайды дейді.
Анна Шагеева, тұрғын: “Мен ол балалардың ата-анасымен сөйлестім. Олар тіпті баласын кінәлі деп ойламайды. Өзіңнің балаңа өзің қарауың керексің деп отыр. Олар бүгін менің балама тиіссе, ертең тағы біреуге зияны тиеді, егер жазасын алмаса. Сонда осылай тайраңдап жүре бере ме? Заң болу керек қой”.
Бұл жағдай бір емес бірнеше рет қайталаныпты. Алайда бұған дейін дәлел болмаған. Ал тамыз айында орын алған жағдай бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Дегенмен, дәлелдің де маңызы болмай отыр дейді 34 жастағы Анна Шагеева. Сөзінше, дәл осы кезде 15 жастағы баласы ауыр жарақат алған.
Анна Шагеева, тұрғын: “Баламның бүкіл денесі көгеріп кеткен. Тағайындалған медициналық сараптама: іштің алдыңғы қабырғасы жарақаты, иық аймағындағы гематомалар. Бүгінде травматолог пен нейрохирургтың қатаң бақылауы тағайындалды. Қазір балам мүлде сыртқа шықпайды. Тіпті дүкенге барып кел десем де қорқады. Психологиялық соққы алған. Ең сорақысы да осы”.
Ал білікті адвогат, заңгер Евгений Яворский бұл жағдайға қатысты екі іс қозғалуы керек екенін айтады. Қай жағынан да жаза қолданылуы қажет дейді ол.
Евгений Яворский, адвокат: «Мен бұл жерде екі іс көріп тұрмын. Біреуі әкімшілік, екіншісі қылмыстық іс. Қылмыстық іс ҚР ҚК 293 бабы бұзақылық бойынша. Бұл жерде олар бір топ адамдар. Егер олар кәмелетке толған болса жауапқа тартылуы керек, егер толмаған болса, кез келген жағдайда шара қолдану керек. Ал екіншісі – 73-бап денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру. Мұнда ата-ана да жауапқа тартылуы мүмкін».
Бүгінде Анна Шагеева осы іске қатысты прокаратураға шағым түсірді. Ашынған ана қалайда әділдікке жетемін деп бекініп отыр. Өйткені, ол мұны жабулы қазан күйінде қалдырсам, болашақта өзге балалар да зардап шегуі ықтимал дейді.
Мөлдір Ибадуллаева