Кентаулықтар сасық иіске тұншығып отыр

184

Кентау қаласында жүздеген отбасы нәжістің иісіне тұншығуға мәжбүр. Жергілікті билік қаланың кіре берісіндегі кәріз суы құйылатын аймаққа жағдайы төмен отбасыларға арнап көпқабатты үй салып берген. Тіпті жекеменшік үйлердің құрылысына да рұқсатты да оңды-солды беріпті. Тұратындар енді қолқаны қабатын иіске тұншығуда.

Кентау қаласына кіре берістегі кәріз суы құйылатын аумақтан жергілікті билік жағдайы төмен отбасыларға көпқабатты үй салып берген. Алайда, Сасықкөлдің іргесіндегі үйдің тұрғындары терезені қысы жазы ашпаймыз дейді. Себебі, әуелі жағымсыз иіске тұншықса, екіншіден нәжіс иісін төңіректеген маса-шыбын шыдатпайды екен.

Құдайберген Ордабаев, Кентау қаласының тұрғыны: «Иісі барлық жерді алып кетеді. Әсіресе мына жақтан жел тұрса біздің ауылды қатты алады. Жаздың күні отыра алмайсың, маса. Бұл жақта әнеу күні келгенде өліп қала жаздадық, кемпірім қашып кетті. Әй ертең мынадан жұрт ауру болады, ірің шығады, бәле шығады. Әсіресе жас балалар енді көп ойнайды осы жерде».

Ал, бұл көлдің маңынан бір жарым шақырым жерге баспана тұрғызуға болмайтынын шенеуніктердің өзі де айтады. Санитарлық нормаларға байланысты рұқсат жоқ деген атқамінерлер өз сөздеріне өздері қарсы шығып отыр. Себебі, кәріз суы мен мұндағы жер үйлер түгілі көпқабатты үйлердің арасы таяқ тастам ғана жер.

Қуаныш Ысқақов,  Кентау қаласы әкімінің орынбасары:» Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп болғаннан кейін экспертизаға кіреді. Келесі жылы дайын болса біз бұл косты, ары қарай өз орыны бар белгіленген, сол орынға ауыстыру жұмыстарын біз жүргізіп жатырмыз. –Қанша шақырымға? –Бұл жерден мен шатаспасам 15 шақырым».

Сасық көл іргесіне үй салуға рұқсатты неліктен бергенін түсіндіре алмаған кентаулық басшылар енді алпыс жылдан астам жиналған нәжісті бірер жылда басқа жерге ауыстырамыз деп уәде берумен ғана шектеліп отыр. Ал тұрғындар, уәде орындалғанға дейін тағы бір жыл осы иіске шыдап бағуы керек.

Гүлдана Дәурен