Мың адам рақымшылықпен бостандыққа шығады

98

Парламент сенаты Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заң қабылдады. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, мұндағы мақсат аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін түрмеге тоғытылған бірқатар азаматтарды жазадан босату. Сонымен, Қазақстанда қанша адам сотталып абақтыда отыр, оның нешеуі рақымшылыққа ілікті?

Мерзімін өтеуші бұл азамат осыдан 2 жыл бұрын көлік ұрлағаны үшін істі болған. Ол бұл әрекетке мас күйінде барғанын айтады. Қылмыс жасаған күні араққа сылқия тойып алып, 2 автокөлікті заңсыз алып кеткен. Бірақ, ертеңіне есін жиып, егесіне мүлкін қайтарған. Осы ісі үшін қылмыстық іс қозғалып, оған сот 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарады. Енді ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында рақымшылыққа ілігемін деп үміттенеді.

«Мен рақымшылыққа ілігемін деп үміттенемін, осы үшін Президентімізге алғысымды білдіргім келеді. Менім ойымша, түрмеде отырған кездерімнен мен сабақ алдым, өйткені қылмыс жасаған кезде мен өзім келіп, полицейлерге мойындадым. Егер түзелмегем болсам, әрі қарай жұмысымды жалғастыра беретін едім ғой. Үйде мені ағам және 5 жасар қызым күтіп отыр. Олардың жанына тезірек оралғым келеді»,-дейді ол.

Бүгін Сенат отырысында Тәуелсіздіктің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң қабылданып, Президенттің қол қоюына жіберілді. Заң жобасының негізгі міндеті – азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан және негізгі жазадан босату болып табылады.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі: «Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Заң жобасы мемлекеттік органдармен, қоғам қайраткерлерімен және сарапшылармен талқыланды, ғылыми-құқықтық сараптамалар жасалды».

Министрдің айтуынша, қазір республикада 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның 30 мыңына сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адамға қатысты тергеу жүргізіліп, қамауда отыр. 93%-і ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін түрмеге жабылған. 45%-і оның алдында бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар, 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі ітер министрі: «Заң жобасы бойынша 2 292 сотталушыға, пробациялық бақылауда тұрған 11 753 адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады, 3881 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1330 сотталушының, пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылады».

Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауаптан босатылады. Ал ауыр және аса ауыр, сондай-ақ террористік және экстремистік қылмыстарға барған адамдар рақымшылыққа ілінбейді.

                                                                                            Әлихан Файзханов