«Краниостеноз» баланың бас сүйегіне күрделі ота жасалды

263

Шымкентте бір жасар баланың бас сүйегіне күрделі ота жасалды. Қалалық клиникалық балалар ауруханасының базасында алғаш рет жасалаған операция Алматы қаласындағы №2 клиникалық балалар ауруханасы дәрігерлерінің жетекшілігімен өтті. Бас сүйекке жасалған бірігей отаға еліміздің өзге де өңірлерінен келген хирургтар қатысып, тәжірибие алмасты.

Операция үстеліндегі науқас баланың жасы 1 жас 9 ай. Дәрігерлер оған «краниостеноз» диагнозын қойған. Яғни, бас сүйектегі тігістерінің ерте жабылуы. Отадан алдын білікті дәрігерлер кішкентай пациентке жансыздандыру дәрісін салып, ашық операция жасауға кірісті.

Жандос Шолақов, №2 Алматы қалалық балалар ауруханасының реанимация бөлімшесінің меңгерушісі: «Шымкентке ота жасау үшін арнайы келдік. Науқасқа наркозды да өзіміз салып бердік. Мұндай ота бұрын тек шетелде жасалатын. Енді өзіміз жасап, өзге де өңірдегі әріптестерімізбен тәжірибе бөлісіп жатырмыз».

Отаның негізгі бөлігінде хирургтар ерте жабылған тігістерді ажыратып, баланың бас сүйегіне хирургиялық жолмен дұрыс пішін жасап берді. Күрделі ота жеті сағатқа созылған. Медицина мамандары операцияның сәтті өткенін айтады. Дәрігерлердің сөзінше, «краниостеноз» диагнозын қойған балаларға дер кезінде хирургиялық ем жасалмаса, науқас айықпас дертке шалдығып, өмірінің соңына дейін мүгедек болуы мүмкін.

Самат Көкшібаев, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының нейрохирург-дәрігері: «Мұндай науқастарға дер кезінде ота жасалмаса шизофрения, сколиоз, гидроцефалия, эпилепсия сынды ауруға шалдығуы мүмкін. Отадан кейін науқасқа невропатолог, нейрорхиург, реабилитолог, офтольмолог сынды маманарының оңалту емі қажет болады».

Айта кетейік, бас сүйегіне жасалған күрделі отаға Қазақстанның өзге де өңірінен келген дәрігерлер қатысып, тәжірибе жинауға мүмкіндік алды. Мұнан бөлек, нейрохирург және реаниматолог дәрігерлер қалалық клиникалық аурухана базасында өткен конференцияға қатысып, тәжірибе алмасты.

Лаура Нақыпқызы