Биыл 17 мыңға жуық бала мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етіледі. Бұл әзірге жоспар. Ал, биылғы сәуір айында 1500 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған. Алдағы уақытта қосымша тағы 2000 орынға тапсырыс беру жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы мәлімдеді. Айтуынша, өңірде 654 балабақшада 77 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр.
ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Бұл дегеніміз кезекте тұрған балалардың санын азайтуға, балаларды балабақшамен қамтамасыз етуге жағдай жасалмақ. Одан бөлек 1-сыныпқа баратын балалардың есебінен 15 000 –ға жуық орын босатылады. Біздің санақ бойынша 17 мыңға жуық бала мектепке дейінгі білммен қамтамасыз етіледі».
Айта кетейік, жыл басынан бері қалада 15 жаңа балабақша ашылып, 1394 орын пайдалануға берілді. Бұл балаларды ерте жастан сапалы біліммен қамтуға жасалған нақты қадам дейді басшы. Естеріңізге сала кетейік, қала бойынша 16 мыңнан астам бала балабақшаға баруға үмітті.
Кезек электронды жүйе арқылы жүргізіледі. Әр бала тіркелген сәттен бастап өз санаты бойынша кезекке тұрады. Орын бөлінген кезде алдымен жеңілдік санатындағы балалар қамтылып, кейін жалпы кезектегі балалар орналастырылады.
Нұргүл Жолымбетова






