Түркістан облысында бес жасар қызды ит талап, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер бірнеше сағат бойы ота жасап, баланың өмірін сақтап қалған. Анасының айтуынша, бүлдіршіннің беті қатты зақымданған. Қазір оқиғаға қатысты иттің иесі іздестіріліп жатыр.
Ауыл тұрғындары бұл өңірдегі алғашқы жағдай емес дейді. Қаңғыбас ит мәселесі неге ушығып барады? Жауапты мекемелер қандай шара қабылдауда?
Ескі Иқан ауылында 5 жасар қызды қаңғыбас ит талап тастады. Анасы Дилафруз Халикованың сөзінше, қызын таңда туысының үйіне жіберген. Қақпа алдында бірнеше баламен ойнап жүрген балақайды ит талаған. Бірнеше жерінен жарақат алған бала шұғыл ауруханаға жеткізілген.
ДИЛАФРУЗ ХАЛИКОВА, ЕСКІ ИҚАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мен келгенге дейін қызымды жан сақтау бөліміне алып кетіпті. Ана үшін оны көру қиын. Қызымның бетінің сау тамтығы қалмаған. Көз астындағы терді жыртып алып, сүйегі көрініп тұр. Дәрігерлер бекем болыңыз деп айтты. Жан сақтау бөліміне алдық, өте қатты ауыр хәлде деп айтты».
Жантүршігерлік оқиғадан кейін иттің иесін іздеген. Бірақ қайдан келгенін, иісі кім әлі күнге белгісіз дейді Дилфуза Халикова. Дене жарақатынан бөлек бала қатты шошынған. Дәрігерлер 4 сағатқа жуық ота жасаған.
ДИЛАФРУЗ ХАЛИКОВА, ЕСКІ ИҚАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Бірінші ана ретінде, екінші адам ретінде жүрегімде сондай бір өкініш қалып қойды. Қанша заман дамып кеткен, дәрігерлер бір жарым жылдан соң пластикалық ота жасатыңдар, кешігіп қалмаңдар деді. Мың жерден ота жасағанымен, қызымның тума бет әлпені қайтып келмейді. Мен өзім оның табиғи бет әлпетін сағынамын ғой. Менде сол өкініш қалып кетті».
Баланың құтыру ауруын жұқтырған, жұқтырмағаны әлі белгісіз. Дәрігерлер ит баланың оң жақ бет аймағын тістеп, жарақаттағанын растады. Ота жасалғанымен тыртық қалады дейді.
ГҮЛЖАЗИРА БЕРДІӘЗІМОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: «Травматикалық шок алған. Қыз қатты шошыған. Және бас аймағында жарақаттары бар. Құлаған жарақаттары. Қазіргі жағдайы қалыпты, тұрақты. Әзірше емін алуда».
Ауыл тұрғындарының сөзінше бұл бірінші оқиға емес. Соңғы кезде бірнеше адамды ит қапқан. Саудан аудандық әкімдігі жағдаймен таныс. Дегенмен ит аулау, залалсыздандыру жұмысы тұрақты түрде жүргізіледі.
ЕРБОЛ ҒАСЫР, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ САУРАН АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Жаңа Иқан ауылы Ибала елдімекенінде болған балаға, бірнеше адамға ит шабуыл жасағаны туралы бізге хабарлама келіп түсті. Ол итті біз ұстадық, ауладық. Итті зертханаға жібердік. Нәтижесін күтудеміз. Екінші жағдай Ескі Иқан ауылында болған. Қыз баласына, ол иттің егесі бар. Егесі мен итті іздестіру жұмыстары полициямен бірге жүргізілуде».
Ербол Ғасырдың сөзінше, иттің иесі бары анық. Өйткені құлағы мен құйрығы кесілген. Бірақ ит табылмаған соң оның иесін анықтау мүмкін емес. Егер иттің иесі табылса, оған әкімшілік айыппұл салынады.
Жалпы, ауданда ит аулауға, күтіп-ұстау және залалсыздандыруға 6,5 миллион теңге бөлінген. Жыл басынан бері ауданда 50-ге жуық ит ұсталған. Оның жиырмадан астамы – қаңғыбас, қараусыз қалған бұралғы ит. Бүгінгі күнге дейін құтыру ауруы анықталған ит анықталмаған.
Дилара Иса






