Қаратау ауданында блокпосттар алынуда. Елдегі орын алған төтенше жағдайға байланысты Қаратау ауданының бірқатар аумағына тосқауыл бекеттері қойылған еді. Қаладағы жағдайдың тұрақталуына байланысты Бәйдібек би даңғылы, Бәйтереков, Ұ. Арғынбеков секілді орталық көшелерде қойылған онға жуық тосқауыл бекеті алынды.
Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы: «Коменданттық сағат басталғалы бері барлық блокпосттар жұмыс істеп жатыр. Кешегі таңда блокпосттарда 14 мыңнан астам автокөлік тексеріліп, 9 адам ұсталды. Көліктерді қарау кезінде 2 газ тапаншасы тәркіленді. Жалпы қылмыстық істер бойынша 73 азамат қамауға алынды».
Қазір Шымкентте жағдай тұрақты. Орын алған жаппай тәртіпсіздіктен кейін қалада полицияға 3520 адам жеткізілген. Ал 366 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 271 адам қамауға алынып, 40 азаматқа айыппұл салынған.
Жалпы қала аумағында коменданттық сағат жүзеге асырылуда. Мегаполис көлемінде стратегиялық нысандарды күзету күшейтілген, сондай-ақ қоғамдық-саяси жағдай қатаң бақылауда.
Гүлдана Дәурен