Арыста асыраушынан айырылған екі отбасыға баспана берілді

142

«Үйді бізге беретінін білмедік». Осылай деген көпбалалы аналар тосын сыйға тап болғанын жеткізді. Арыс қаласының әкімдігі мен «Қолғабыс» қайырылымдылық қоры демеушілердің көмегімен мұқтаж отбасыларға екі бірдей үй салып берді. Сонымен қатар үйге қажетті керек-жарағын да түгендепті. Ал асыраушысынан айырылыған аналардың қуанышында шек жоқ.

Арыс қаласында бірден екі отбасы баспанаға қол жеткізді. Олардың бірі 7 баламен, екіншісі 4 баламен жарынан айырылған. Бірнеше жыл бойы пәтер жағалауға мәжбүр болған көпбалалы аналар мұндай тосый сый болады деп ойламаған көрінеді.

Рана Әбсейітова көпбалалы ана: «10 жыл болды табаннан тозып дала кезіп жүргенімізге. Осындай мейірімді жанардың арқасында өз баспанаға қол жеткізіп тұрмыз. Рақмет барлығыңызға. Арманым орындалды».

Қос ананың да жүзінен қуанышты байқауға болады. Олар бірден туысқандарына қоңырау шалып, жаңалықпен бөлісті.

Эльмира Әбекова, көпбалалы ана: «Қордан ағалар келіп бүгін алып кетті. Біреуге үй алып береміз деп. Сөйтіп келіп концерт көріп жатқан кезде біздің атымызды айтқан кезде құлап қалайын деп қалдық».

Бүгінге дейін екі ана да жәрдемақымен ғана күн көріп келген. Алайда, қанша қиындыққа тап болса да, ешқашан алақан жайып ешкімнен көмек сұрамаған. Осылай деген Арыс қаласының әкімі көпбалалы аналардың қанағатшылдығына таң қалдық дейді. Сондықтан, сараптай келе осы отбасыларға жер алып беруді ұйғарған. TezCo Trade компаниясы қаржыландырып, «Қолғабыс» қайырымдылық қоры үй тұрғызыпты.

Гүлжан Құрманбекова, Арыс қаласының әкімі: «Бұл отбасылар ешқандай көмек сұраған жоқ. Біз өзіміз талдау жасап, өзінің қанағатшылдығына осы өміріне риза болғанына да таң қалдық. 2 отбасының тұрғын үйін салуға қаржы бөлген TezCo Trade мекемесіне үлкен рақметімді айтқым келіп отыр».

Сондай-ақ, қуанышты сәттің басты демеушісі «TezCo Trade» ЖШС көпбалалы отбасыларға азық-түлік, тұрмыстық техника мен киім-кешектерін алып беріпті. Компания басышыларының айтуынша, мекеме қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырып тұрады екен.

Қанат Бекшораев, «TezCo Trade» ЖШС-нің Шымкент қаласы бойынша директоры:
«Бұдан бөлек, біз тағы да 5 жанұяны ақшалай көмек береміз. Ол мұқтаж жандар. Және де әлеуметтік жағдайы төмен жандар. Одан бөлек тағы да азық-түлік пен қамтамасыз етіп отырамыз. Ақша жағын біз ай сайын қаржыландырып отырамыз. Ең төмен жалақыны беріп отырамыз».

Ал қала әкімі ізгі шаралар мұнымен тоқтамайтынын жеткізді. Алдағы уақытта әкімшілік жер үлестіріп, үй салғызып беруді ұйымдастырамыз деп отыр. Бүгіннің өзінде, қала бойынша 100-ден аса отбасы баспанаға мұқтаж жандар тізімінде екен.

                                                                                     Мөлдір Ибадуллаева