Бұрынғы банк қызметкері 15 азаматтың атынан 20 млн. теңге несие алған

211

Шымкент азаматы 15 тұрғынды алдап, 20 000 000 теңге шығын келтірген. Күдікті бұған дейін банк қызметкері болыпты. Несие рәсімдеудің қыр-сырын меңгеріп алған соң, бірнеше ауыл тұрғындарын өз қармағына түсіріпті.

Қазығұрт ауданы ПБ-ға арызданған жергілікті тұрғынның айтуынша, белгісіз азамат үйіне келіп, өзінің ауыл тұрғындарының жағдайын көтеру мақсатында көмек беріп жатқанын айтыпты. Содан соң әйелді зейнетке шығарып беремін деп сендірген азамат ұялы телефонына бірнеше рет суретке түсірген.

Бірақ 1 айдан соң жәбірленушіге банк қызметкерлерінен несиені төлеу жөніндегі хабарлама келеді. Мұны көрген ол өзінің алаяқтың қармағына ілінгеніне көзі жетеді. Содан соң бірден полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 1 000 000 теңгеге жуық. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы, яғни «Алаяқтық» бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Хабарлама түскен бойда, қазығұрттық сақшылар көрген-білген куәлардан жауап алып, күдікті болуы мүмкін деген аймақтарды мұқият тексерді. Тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарынан жауап алу барысында осындай жайтпен тағы 14 адамның алданғанын анықтады.

Осылайша жинақталған ақпарат көздері арқылы жұмыс жасаған полиция қызметкерлері, күдіктінің тұрғылықты мекенжайын анықтады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты күдікті ер адам қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Белгілі болғандай күдікті ер адам бұрын банктердің бірінде жұмыс жасаған. Содан соң біреудің атынан несие рәсімдеудің қыр-сырын меңгеріп, оңай жолмен ақша табуды көздеген.

Осындай арам пиғылмен ауыл тұрғындарын бірінші күні келгенде көмек беретініне сендіріп, біріне ақша берсе, енді бірінің дүкендегі қарызын жауып берген.

Тұрғындардың сеніміне кірген ол келесі күннен бастап, өзінің ойын іске асыра бастаған. Барлығының атынан несиеге қымбат ұялы телефондар алып, алғанын алғандай сатып жіберіп отырған. Ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Бүгінде алаяқтың құрбаны болған тұрғындар, 20 000 000 теңге шығынға батып отыр.

                                                                                           Мөлдір Ибадуллаева